Журналистер жаңа регламентке сәйкес заң жобалары бойынша жұмыс топтары қандай тәртіппен құрылатынын және қоғамдық әрі сараптамалық ұйымдардың олардың жұмысына қалай қатыса алатынын сұрады.
Депутаттың түсіндіруінше, құжаттар топтамасын қалыптастыру кезеңінде тиісті салаға жауапты орталық мемлекеттік орган, әдетте, сол бағыттағы сарапшылардың кандидатураларын ұсынады. Сонымен қатар жұмыс тобы құрылып жатқан кезде де, ол құрылғаннан кейін де оның жұмысына қосылуға болады. Ол үшін жұмыс тобының жетекшісіне жүгіну қажет.
"Жұмыс топтарын құру тәртібіне келетін болсақ, заң шығару бастамасы субъектісі материалдарды Құрылтайға енгізгеннен кейін ұсынылған құжаттардың толықтығы және олардың "Құқықтық актілер туралы" заңға сәйкестігі бағаланады. Екі талап та орындалса, Құрылтай заң жобасы құжаттарының топтамасын жұмысқа қабылдайды", – деді Константин Петров.
Ол заң жобасын қараудың кейінгі тәртібіне де тоқталды. Оның айтуынша, құжаттар топтамасы түскеннен кейін Құрылтай басшылығы заң жобасы бойынша жұмысты үйлестіретін бейінді комитетті анықтайды.
"Бейінді комитет өз мүшелерінің бірін жұмыс тобының жетекшісі етіп белгілейді. Конституциялық заңның "Құрылтай және оның депутаттарының мәртебесі туралы" талаптарына, сондай-ақ регламентке сәйкес жұмыс тобының құрамына міндетті түрде Құрылтай депутаттары, орталық мемлекеттік органдардың өкілдері, жобаны әзірлеушілер, басқа да ұйымдардың өкілдері, оның ішінде мемлекеттік органдар, қоғамдық бірлестіктер мен коммерциялық емес ұйымдар, сондай-ақ ғалымдар мен сарапшылар кіреді. Яғни жұмысқа мемлекеттік органдардың, ұйымдардың, коммерциялық емес сектордың және қоғамның кең ауқымды өкілдері тартылады", – деді депутат.
Оның айтуынша, осыдан кейін жұмыс тобы құрылып, ол заң жобасын үш оқылымға дайындайды.
"Жұмыс тобы бастапқыда заңның тұжырымдамасын қарайды, кейін ұсынылған материалдарды және тұжырымдамада көрсетілген мәселелердің мәнін талқылайды. Бұл өте ауқымды жұмыс. Регламент бойынша жұмыс тобының бірнеше ондаған отырысы өтуі мүмкін. Сондықтан сарапшылардың ауқымы барынша кең болғанына мүдделіміз. Өйткені кәсіби мамандар мен сарапшыларсыз мәселелерді жан-жақты талқылау мүмкін емес. Мысалы, қазір сүт өндіру мәселесін талқылайтын болсақ, бұл өндірістің қалай ұйымдастырылатынын білетін маман қажет. Біз бизнес өкілдерін де, тиісті сала субъектілерін де, сарапшыларды да шақырамыз", – деп толықтырды депутат.
Бұған дейін депутаттар Қазақстан Құрылтайының регламентін қабылдаған еді.