Желідегілерді мазалаған сұрақ: 2027 жылдың Құрылтай бюджетіне қандай шығыстар кіреді
Сурет: pixabay
Әлеуметтік желіде Құрылтайдың алдағы жылға жоспарланған шығыстары туралы ақпарат пайда болып, 22,5 миллиард теңге туралы сөз болып жатыр. Кейін кейбір БАҚ пен әлеуметтік желі парақшалары бұл соманы 145 депутатқа бөліп, "әрқайсысына жылына 155 миллион теңге шығын кетеді" деген мәліметтерді де таратуда. Zakon.kz бұл есептердің қаншалықты шындыққа сәйкес келетінін білу үшін Құрылтай аппараты басшысының орынбасары Болат Қалянбековке хабарласып көрді.
"Шынында да, 2027 жылға Құрылтайға 22,5 млрд теңге көлемінде бюджеттік қолдау көрсетілмек. Бұл сомаға Құрылтайдың мемлекеттік орган ретіндегі барлық қамсыздандыру шығындары кіреді. Атап айтқанда, оған коммуналдық, әкімшілік, көлік шығындары, тек депутаттардың ғана емес, аппарат пен ведомстволық ұйымдар қызметкерлерінің де жалақысы, сондай-ақ ғимараттарды күтіп-баптап ұстауға кететін коммуналдық шығындар да жатады. Бұл ретте келесі жылдың бюджетінде жаңа қызметтік көліктер немесе пәтер сатып алу жағы жоспарланбаған", - деді Қалянбеков.
Сондай-ақ аппарат басшысының орынбасары Құрылтайды бюджеттен қаржыландыруда ешқандай өсім болмағанын айта келе, Сенат пен Мәжілістің бюджетін мысалға келтірді. 2026 жылда бұл көрсеткіш 34,8 млрд теңгені құрады, яғни Құрылтайдың бюджеті, керісінше 35%-ға азайып отыр.
Бұған дейін Құрылтайда заң жобаларын қарау үшін жұмыс топтарын құруда қандай критерийлерге басымдық берілетіні айтылған болатын.