"Алматы қаласының құрметті азаматы" атағын беру – көп жылдар бойы жемісті еңбек етіп, бастамашылдығымен ерекшеленген, елеулі еңбек үлесін қосқан азаматтарды қоғам тарапынан мойындау және ынталандыру болып саналады. Сондай-ақ бұл атақ азаматтардың еңбек және қоғамдық белсенділігін арттыруға бағытталған.
Құрметті азамат атағын кімдер ала алады?
"Құрметті азамат" атағы Алматы қаласында кемінде 10 жыл еңбек еткен Қазақстан азаматтары мен шетел азаматтарына төмендегі талаптардың біріне сәйкес келген жағдайда беріледі:
- кәсіби немесе азаматтық борышын орындау кезінде ерлік көрсеткен, сондай-ақ заңдылық пен құқықтық тәртіпті нығайтуға үлес қосқан азаматтарға;
- жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару саласында тиімді қызмет атқарған, сондай-ақ Алматы қаласының әлеуметтік-экономикалық дамуына үлес қосқан мемлекеттік, саяси және қоғам қайраткерлеріне;
- қоғамдық қызметте жетістіктерге жеткен және қайырымдылықпен айналысатын азаматтарға;
- Алматы қаласында спорт пен мәдениетті, ғылымды, білім беруді, денсаулық сақтауды, құрылысты, кәсіпкерлік пен бизнесті және ауыл шаруашылығын дамытуға үлес қосқан азаматтарға;
- тәуелсіз әрі егемен Қазақстанның тұтастығын сақтауға, этносаралық қарым-қатынас пен қоғамдық келісімді, достық пен ынтымақтастықты нығайтуға елеулі еңбек сіңірген азаматтарға.
Атаққа ұсыну тәртібі
"Құрметті азамат" атағын беру туралы өтінішті Алматы қаласының әкімдігі, шығармашылық одақтар және басқа да ұйымдар еркін нысанда енгізе алады.
Марапаттау парағында атаққа ұсынылып отырған адамның жеке басын сипаттайтын мәліметтер, тиісті қызмет саласындағы жалпы еңбек өтілі, еңбек, кәсіби немесе қоғамдық қызметі туралы ақпарат, нақты жетістіктері, жұмысының тиімділігі мен сапасы көрсетіледі.
Марапаттау парағына ұйым басшысы қол қояды және қол қойған ұйымдардың мөрлерімен расталады.
Әрбір "Құрметті азамат" атағына ұсынылатын адамға жеке ұсыныс дайындалады.
Алматы қаласы әкімдігі жанындағы ҚР мемлекеттік наградалары жөніндегі комиссия отырысына 30 күннен аз уақыт қалғанда түскен марапаттау құжаттары қарауға қабылданбайды.
Марапаттау парағын Мемлекеттік наградалар жөніндегі комиссия рәсімдейді.
Өз кандидатурасын өз бетінше ұсынған адамдардан түскен "Құрметті азамат" атағын беру туралы өтініштер қаралмайды.
"Алматы қаласының құрметті азаматы" атағына ие болған адам екінші рет ұсыныс білдіре алмайды.
Атақты қайтыс болғаннан кейін беруге бола ма?
- "Құрметті азамат" атағы қайтыс болғаннан кейін де берілуі мүмкін. Бұл ел мүддесін қорғау кезінде көрсеткен ерлігі, батылдығы мен қаһармандығы үшін және адам өмірін құтқаруға байланысты жағдайларда жүзеге асырылады.
Қанша адамға беріледі?
"Құрметті азамат" атағы екі жыл сайын Қазақстан Республикасының және шетел азаматтарының арасынан он адамға дейін берілуі мүмкін.
Алматы қаласының мерейтойына орай атақ қосымша түрде әр бес жыл сайын беріледі. Бұл жағдайда атақ Қазақстан Республикасының және шетел азаматтарының арасынан бес адамға дейін берілуі мүмкін.
Алматы қаласы әкімінің ұсынысы бойынша республика азаматтары мен шетел азаматтарына қауіпті табиғи құбылыстың, апаттың, табиғи зілзаланың немесе өзге де төтенше жағдайдың салдарын жоюға немесе оның алдын алуға көмек көрсеткені үшін де "Құрметті азамат" атағы берілуі мүмкін.
Тиісті мәслихаттың "Құрметті азамат" атағын беру туралы шешімі жергілікті бұқаралық ақпарат құралдарында жарияланады.
Кімдерге бұл атақ берілмейді?
"Құрметті азамат" атағы:
- атаққа ұсынылған кезде заңда белгіленген тәртіппен өтелмеген немесе алынып тасталмаған соттылығы бар адамдарға;
- сот шешімімен әрекетке қабілетсіз немесе әрекет қабілеті шектеулі деп танылған адамдарға берілмейді.
"Құрметті азамат" атағына арналған медаль мен куәлікті Алматы қаласының әкімі немесе мәслихат төрағасы табыстайды.
Мәслихаттың бұл шешімі 2026 жылғы 4 қыркүйектен бастап қолданысқа енгізілді.