Меркі аудандық соты сотталған Т-ның шет мемлекет азаматшасы және Қазақстан Республикасында тұруға ықтиярхаты бола тұра, ақшалай сыйақы үшін шетел азаматтарының Қазақстан аумағына заңсыз кіруін ұйымдастырғанын анықтады. Ол шетел азаматтарын Қазақстан аумағында қарсы алып, оларды елдімекендерге жеткізу міндеті жүктелген сотталған Б-ны осы әрекеттерге тартқан.
"2025 жылғы желтоқсан айында олар 350 мың теңге көлеміндегі ақшалай сыйақы үшін Өзбекстан азаматын заңсыз өткізуді ұйымдастырып, оны сотталушы Б-ға тиесілі шаруа қожалығының аумағына орналастырған, кейін Мерке ауылына жеткізген. 2026 жылғы қаңтарда сотталғандар Өзбекстанның басқа азаматының 900 АҚШ долларына заңсыз кіруін ұйымдастыруға тырысқан. Алайда олардың әрекетін шекара қызметі анықтаған. Шетел азаматы ұсталып, ал Б. оқиға орнынан бой тасалаған", делінген сот хабарламасында.
Бірінші сатыдағы сот сотталғандардың екеуіне де кінәні мойындауды, соттылықтың жоқтығын және кәмелетке толмаған балалардың болуын жеңілдететін мән-жайлар ретінде таныды.
Меркі аудандық сотының үкімімен екеудің әрқайсысына 4 жыл бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды. Рақымшылық жасау туралы Заңды ескере отырып, жаза мерзімі 1/4 - 3 жылға дейін қысқартылды. Үш кәмелетке толмаған баласы бар Т-ға қатысты жазаны орындау 2 жылға кейінге қалдырылды.
Үкімге сотталған Т. мен аудан прокуроры шағымданды.
Апелляциялық алқа бірінші сатыдағы соттың үкімін өзгертті. Рақымшылық туралы Заңның негізінде сотталғандарға жаза 1/3 қысқартылып, әрқайсысына 2 жыл 8 ай бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды. Үкімнің қалған бөлігі өзгеріссіз қалдырылды.
Сот актілері заңды күшіне енді.
Бұған дейін Таиландтан Қазақстанға есірткі тасыған азамат 16 жылға сотталғанын жазғанбыз.