Алатау ауданының полициясына 35 жастағы әйел арызданған. Оның айтуынша, өзін жақсы танымайтын ер адам ұзақ уақыт бойы мазасын алып, жүйелі түрде қоңырау шалған, қорқытқан және онымен байланыс орнатуын тоқтатпаған. Өз сөзін растау үшін әйел WhatsApp желісіндегі хат алмасулар мен телефон арқылы сөйлескен аудиожазбаларды ұсынған.
"Жедел-іздестіру іс-шаралары барысында полицейлер 52 жастағы ер адамның жеке басын анықтап, оны полиция бөліміне жеткізді. Жауап алу кезінде ол кінәсін мойындап, жасаған әрекетіне өкінетінін білдірген. Күдікті уақытша ұстау изоляторына қамалды. Сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізіліп жатыр". Алматы қалалық ПД баспасөз қызметі
Бұған дейін Жетісу облысында әйелге пышақ ала жүгірген сталкер сот залында босатылғаны хабарланған. Сот отырысы барысында ер адамның психологиялық ауытқуы бары анықталды.