Павлодарда асық атудан тұңғыш рет турнир өтті

Ұлдар «Бес табан», қыздар «Бес тас» ойыны бойынша сынға түсті.
«Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында Павлодарда арнайы орта білім беретін мектеп оқушылары арасында асық атудан бірінші турнир өтті, деп хабарлайды pavlodarnews.kz.

Облыстық білім беру басқармасы мен Инновациялық Еуразия университеті қолдау көрсеткен жарысты «Zhasproject» жастар корпусын дамыту жобасының белсенділері ұйымдастырды. - Алғаш рет өтіп отырған турнирге облыстағы орта білім білім беретін арнайы жеті мектептен командалар келді, - деді «Zhasproject» жастар корпусын дамыту жобасының өкілі, облыстық арнайы білім беру мекеп-интернатының дефектологы Динара Жетпісова.

- Әр командада бір ұл, бір қыздан тұратын екі мүшесі бар. Облыстық орта білім беретін арайы мектеп «Zhasproject» корпусымен бірлесіп «Асық ату – ақыл ойыны» атты жобаны қолға алған болатын. Ұлттық ойынның танымалдығын одан әрі дамыту үшін турнир ұйымдастырып отырмыз.

Турнирге арнайы келген білім басқармасының өкілі Азамат Сыздықов, ИнЕУ-дің ректоры Марат Баяндин ұлттық ойынның маңыздылығы мен пайдасына тоқталып, жарысқа қатысушыларға сәттілік тіледі.

- Ұлттық асық ойын түрлерін бұдан былай үздіксіз ұйымдастыратын боламыз. Бұл туралы қалалық білім бөліміммен келісімге келдік. Бұл турнир - алдағы үлкен жарыстардың басы, - деді Марат Баяндин.

Ұлдар «Бес табан», қыздар «Бес тас» ойыны бойынша сынға түсті. Нәтижесінде ұлдар арасында Шарбақты № 5 арнайы мектебінің оқушысы Станислав Анисов бірінші орынды жеңіп алды.

Екінші орынды шарбақтылық Жанболат Елубай еншілесе, Ақсу қаласындағы № 3 арнайы мектептің оқушысы Диас Рахымбергенов үшінші орынды қанағат тұтты. Қыздар арасындағы бәсекеде № 4 арнайы мектеп оқушысы София Каминская құрбыларының алды болды.

Песчан жетім және ата-анасының қамқорынсыз қалған арнайы мектеп-интернатының тәрбиеленушісі Дарья Маноленко екінші орында, облыстық арнайы мектеп-интернатының оқушысы Камилла Байтас үздік үштікті қортындылады.

- Асық ойындарының біраз түрлерін білемін. Көптен бері құрбы сыныптастарыммен ойнап жүрміз. Ұлттық ойын ақыл-ой зеректігіне, ептілікке, ұқыптылыққа үйретеді. Осы жолы үшінші орынға ғана ие болдым. Алдағы өтетін турнирлерге мықтап дайындаламын, - дейді облыстық арнайы мектеп-интернатының оқушысы Камила Байтас.

Мейрамбек Оразай

Фото: Рavlodarnews.kz
Жаңалықтан zakon.kz сайтында хабардар болыңыз: