«Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық университетінде «Бір университет – бір кітап» акциясы бастау алды, деп хабарлайды zakon.kz оқу орнының Баспасөз және қоғаммен байланыс бөлімі берген ақпаратқа сілтеме жасап.
Мемлекет басшысының бағдарламалық мақаласын жүзеге асыру мақсатында ұйымдастырылған әлеуметтік-мәдени жобаның мақсаты – қазақ және әлем әдебиетін насихаттау, тарихи-мәдени һәм рухани мұрамызды сақтау, өскелең ұрпақты отаншылдыққа әрі өнегелілікке тәрбиелеу. Сонымен қатар, университет қызметкерлері мен студенттерінің зияткерлік әлеуетін көтеру құралы, мәдениеттің маңызды элементі ретіндегі кітап оқуына жан-жақты қолдау көрсету.
– Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Өзінің биік, таза рухани қасиетімен кітап – мәдениет пен руханиятты қорғауда теңдесі жоқ қару болып табылады. Кітап – адамзат баласына ағарту һәм білім сыйлай береді. Кітап беттерінде адамзат тіршілігінің сан қилы құпиялары сақталған. Кітап – ең сабырлы ұстаз. Тек кітап қана қайырымдылық пен қаныпезерліктің, ақиқат пен жалғанның аражігін айнытпай танып білуге үйретеді» деген сөзі бар. Расында да, рухани құндылықтарды жете меңгерген, зияткерлік әлеуеті биік, мәдениеті жоғары азаматтары көп елдің болашағы – баянды, ертеңі – ерен болатыны өмірдің өзі көрсетіп отыр. «Бір университет – бір кітап» акциясының мақсаты да осыған саяды, – деп атап өтті Қыздар Университетінің Баспасөз және қоғаммен байланыс бөлімінің басшысы Жандар Асан.
«Бір университет – бір кітап» акциясы аясында флешбук, оқу орны студенттерінің арасында эссе байқауы, «Жырым сенсің, туған ел!» жас ақындар сайысы, Қазақстанның қасиетті жерлеріне ғылыми-танымдық экспедициялар мен саяхаттар, «Ұлттық код – халық тектілігі мен рухани санасының негізі» атты трэйлер сайысы, «Қыз тәрбиесі – құндылықтың кілті» тақырыбында сериялы басқосулар мен «Заманауи мәдени ортадағы ұрпақ тәрбиесі» ТED-X-алаңы ұйымдастырылды.
Сонымен қатар, алдағы уақытта түрлі тақырыпта брейн-ринг, фестиваль, кездесулер, шығармашылық жәрмеңке және қайырымдылық акцияларды өткізу жоспарланып отыр. «Қыздар Университеті» газетінен «Университет студенті оқуы тиіс 100 кітап» арнайы айдары ашылып, онда қазақ жән шетел жазушыларының оқырман тарапынан жоғары бағаланған әдеби туындылары беріліп келеді. Аталған шаралардың қай-қайсысы да ұлт болашағы – жастардың, жалпы қоғамдық сананы жаңғыртуға бағытталған.