Сенатор: Әулие әкей елге ыстық ықыласын жеткізіп, қазақтың домбырасы туралы айтты

Рим Папасы Франциск Қазақстан туралы сөзінде қазақтың ұлттық аспабы - киелі домбыраға да тоқталып өтті, деп хабарлайды Zakon.kz.

Рим Папасы "Қазақстан" концерт залында алыс жолдан келгеніне қарамастан елге ыстық ықыласын білдіріп, қазақтың қасиетті домбырасы туралы айтты, деп жазады ҚР Парламенті Сенатының депутаты Нұртөре Жүсіп Facebook  парақшасында.

"Осы домбырада ойналатын шығармалар орта ғасырда орындалғанын біліп жатырмын», - деп Әулие Әкей бүкіл сөзін домбырамен байланыстырды. "Бұл – батырлардың жері, бұл – ойшылдардың жері, бұл – суретшілердің, өнер адамдарының жері. Бұл жер мәдениетке толы және мұнда қайғылы оқиғалар да болған. Қазақ халқы басқа түскен қаншама қиындықтарға мойыған жоқ, асқан қайсарлықпен төтеп берді. Домбыра – қаттылық пен жұмсақтық үйлесімі. Домбыраның екі ішегі - ежелгі заман мен осы заманның сырын шертеді! Домбыраның үні - қайшыласқан әлемнің - жауыздық пен мейірім, соғыс пен бейбітшілік, сүреңсіздік пен сұлулық арасын жалғайтын үйлесім" деген мазмұнда керемет сөз айтты. "Домбыра туралы айтқанымды естіп мені музыкант деп қалмаңыздар. Қазақ халқының осынау жалпақ дала мен жалпақ жаһандағы өмірсүйгіш қасиетін айту үшін киелі аспап тіл ұшына оралды" деп жиналған жұртты бір серпілтіп тастады. "Екі ішектің бірін қатты, бірін сәл-сәл кем бұра, Нағыз қазақ – қазақ емес, нағыз қазақ – Домбыра" деген Қадыр ақынның сөзі әлемдік тұлғаның аузынан қайта жаңғырып естілгенде ерекше күй кешеді екенсің, делінген сенатор жазбасында.

Айта кетсек, бүгін, 13 қыркүйекте Рим Папасы Франциск Қазақстанға мемлекеттік сапармен келді. Әуежайдан құрметті қонақты қарсы алған Мемлекет басшысы Ақордада онымен кездесу өткізді. Ақордада Мемлекет басшысы мен Рим Папасы келіссөз жүргізгеннен кейін «Қазақстан» орталық концерт залында азаматтық қоғам және дипломатиялық корпус өкілдерімен бірлескен кездесу ұйымдастырылды. Ол Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының 7-съезіне қатысады деп күтіледі.

Қазақстан
Жаңалықтан zakon.kz сайтында хабардар болыңыз: