Король Чарльз III Қазақстанға жасаған 26 жыл бұрынғы сапарын еске алды

Қазақстанның Ұлыбританиядағы елшісі Мағжан Ілиясов Король Чарльз III-ге сенім грамоталарын табыс етті. Букингем сарайында өткен рәсім кезінде сұхбаттасушылар екіжақты қатынастардың жағдайы мен перспективаларын талқылады, деп хабарлайды Zakon.kz.

Тараптар сонымен бірге жасыл энергетикаға көшу, қоршаған ортаны қорғау және тұрақты даму мәселелері туралы әңгімелесті. 

Кездесу аясында Король елдегі және аймақтағы ахуалды сұрап, 1996 жылы Қазақстанға жасаған сапарын үлкен жылулықпен еске алды. 

Сыртқы істер министрлігінің хабарына қарағанда, елші Мағжан Ілиясов Чарльз III-ні елімізге өзіне ыңғайлы уақытта келуге шақырды. Сонымен қатар британ монархына ҚР Премьер-министрінің орынбасары – Сыртқы істер министрі Мұхтар Тілеубердінің Лондонға алдағы ресми сапары туралы хабарлады. 

Король Чарльз III Мұхтар Тілеубердінің алдағы сапары Қазақстан мен Ұлыбритания арасындағы стратегиялық әріптестікті одан әрі нығайтуға септігін тигізеді деген үмітін білдірді. 

Сонымен бірге бұл рәсімнің Қазақстан мен Ұлыбритания арасындағы дипломатиялық қатынастардың орнатылғанына 30 жыл толуымен тұспа-тұс келгенін атап өткен жөн.

Қазақстан
Жаңалықтан zakon.kz сайтында хабардар болыңыз: