Мәжілісте дәстүрлі мәдениетімізге мемлекет бюджетінен қаражатты әділ бөлу туралы мәселе көтерілді

Депутат Абзал Құспанның айтуынша, "Астана опера театрының" биылғы жылдық бюджеті 5 578 541 теңге болса, 4 миллиардтан астам бюджеті бар "Астана балет театрына" қатысты жағдай тіптен қызық. Мемлекет өз есебінен салып берген ғимаратты өзі жалға алуға мәжбүр, деп хабарлайды Zakon.kz.

Депутат мәжілісте қазақтың дәстүрлі мәдениеті заң жүзінде де, іс жүзінде де қорғалмай отырғанын айтып, мәселе көтерді. Ол домбырада күй орындау мен айтыс өнерінің Юнесконың шешімімен бейматериалдық мұралар тізіміне енгізілгенін еске салды.

"Енді басқасын айтпай-ақ, осы Юнеско тізіміне енген екі өнер саласына қатысты біздің ұлттық заңнамамызда бірде-бір норма жоқ екенін қалай түсінуге болады? Салыстырмалы түрде қарайтын болсақ, Европа елдері одағы тек қана өздерінің ұлттық мәдени мұраларын сақтау әрі дамыту бағытында 400-ден астам құқықтық және нормативтік актілер қабылдаған". Абзал Құспан

Оның сөзінше, елімізде жырдың ондаған түрі бар, өңірлерге байланысты бірнешеге бөлінеді, олардың ішінде көне заманнан келе жатқан жырлардың жөні бөлек. Көршілес қырғыз елінде «Манас эпосы» туралы арнайы, өз алдына бөлек заң бар.

"Ал біздің «Мәдениет туралы» заңымызда балет бишілері, олардың арнайы статусы туралы жазылса да, жыр, жырау, жыршылар туралы, жалпы қазақ халқының дәстүрлі мәдениеті мен өнеріне қатысты бір ауыз сөз жоқ. Енді сөзден нақты сандарға көшпес бұрын мәдениет саласының шенеуніктері қалыптастырған өнерге қатысты екі ұғымға түсінік бере кетейік, олар; дәстүрлі және классикалық өнер туындылары. Осы бір бейресми түрде болса да, санамызға әбден сіңіп қалған екі терминге сәйкес, дәстүрлі деп қазақ халқының ұлттық өнерін, классикалық деп, әдетте батыс елдері өнер туындыларын түсінетін болдық".Абзал Құспан

Сонымен қатар депутат театрларға қатысты бүгінде қалыптасқан жағдайға тоқталды. Ол мәжіліс мерзімінен бұрын таратылып, сайлау жүріп жатқан кезеңде еліміздің 3 жылдық бюджеті бекітіліп кеткенін, қазір сол құжатты зерделеп жатқанын айтты. Республикалық театрларға 2023 жылға қаражат бөлінуіне назар аударды.

"Астанада орналасқан «Астана опера театры» мен «Астана балет театрына» бөлінген қаржыға, қалған қазақ, орыс, ұйғыр, неміс ұлттық театрларының барлығына бөлінген қаражатты түгел қоссақта жетпейді. Неге? Өйткені алдыңғы екеуі классикалық, яғни батыс өнеріне жатса, қалғандары, соның ішінде қазақ театрлары ұлттық-дәстүрлі өнер қатарына жатады. Мысалы, «Астана опера театрының» биылғы жылдық бюджеті – 5 578 541 теңге болса, 4 миллиардтан астам бюджеті бар «Астана балет театрына» қатысты жағдай тіптен қызық. Мемлекет өз есебінен салып берген ғимаратты өзі жалға алуға мәжбүр болып отыр. Классикалық театр мен қазақ театры қызметкерлерінің алатын жалақысына дейін едәуір айырмашылық бар. Оған негіз – «Астана балетте», «Астана операда» үкімет Қаулысымен коммерциялық емес акционерлік қоғам болып құрылған, сол арқылы қызметкерлеріне көтеріңкі жалақы төлеуге мүмкіндіктері бар, ал іргетасы сонау 1926 жылы қаланған, ғасырлық тарихы бар «Мұқтар Әуезов» академиялық театрынан бастап қалған театрлар республикалық қазыналық кәсіпорны ретінде ондай мүмкіндікке ие емес". Депутат

Оның айтуынша, сыртқы елдерге гастролдық сапарлар мәселесінде дәстүрлі өнер иелері емес, классикалық, яғни жоғарыда атап өткенімдей батыс мәдениеті өкілдеріне басымдық беріледі. "Осы мысалдардан көріп отырғанымыздай дәстүрлі мәдениетіміз заң жүзінде де, іс жүзінде де қорғалмаған деп айтуға негіз бар. Қазақ ұлттық мәдениеті қашанғы өз елінде өгейдің күйін кешпек?" деді депутат.

Абзал Құспан сауалын премьер-министр орынбасары Алтай Көлгіновке жолдады.


"Менің бұл жерде бюджеттен жаңадан қаражат бөлдіру мәселесін көтеріп отырмағанымды, мемлекеттік бюджетте қарастырылған қаражаттың әділ бөлінуі туралы мәселе көтеріп отырғанымды қабылдауыңызды сұраймын. Сонымен қатар ұлттық мәдениетке қатысты жаңа концепция қабылдау қажеттігі кезек күттірмес мәселе деп есептеймін. Егер қазақ мәдениетін дамыту мәселесі бойынша ұзақ жылдарға негізделген ұлттық концепция жасақтасақ, тиісті заңнаманы да сол концепцияға сай қабылдатып, қалыптасқан келеңсіз тәжірибені де өзгертуге жол ашылған болар еді. Бірақ ол мәселе тек министрлік өкілдері тарапынан емес, міндетті түрде еліміздің мәдениеттану саласына қатысы бар ғалымдарымыздың қатысуымен қаралса деген ұсынысым бар", - деді мәжіліс депутаты.
Қазақстан Қазақстан Республикасы Парламент Мәжілісі
Жаңалықтан zakon.kz сайтында хабардар болыңыз: