Ақорданың хабарлауынша, шейх Астана халықаралық форумына шақыруды қабыл алып, Қазақстанға келіп отырғанын атап өтті.
"Бұл – мен үшін зор құрмет. Былтыр қазан айында Қазақстанда кездескеннен кейін тағы да жүздесіп отырғаныма қуаныштымын. Бұл – былтырғы келіссөздер барысында бауырлас Қазақстанмен арадағы қол жеткізілген уағдаластықтардың жүзеге асырылуын пысықтауға тағы бір мүмкіндік. Менімен бірге Қатардың іскер топтарынан құралған үлкен делегация келді. Бұл екі елдің арасындағы ынтымақтастықтың табысты болуына жол ашады деп ойлаймын. Түрлі саладағы екіжақты қарым-қатынас қарқынды дамып келеді. Біз басқа да бағыттардағы ынтымақтастықтың ауқымын кеңейтуге ниеттіміз", – деді шейх Тәмим бен Хамад Әл Тәни.
Кездесу барысында тараптар еліміздің Қатар инвесторларымен мұнай-газ, тау-кен және металлургия, ауыл шаруашылығы, медицина, қаржы салаларындағы бірлескен жобаларды жүзеге асыру перспективаларын талқылады. Сондай-ақ халықаралық ұйымдар аясындағы өзара тиімді ынтымақтастық мәселелерін қарастырды.
Алдында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Астана әуежайында Қатар Әмірі шейх Тамим бен Хамад Әл Таниды қарсы алғаны хабарланған болатын. Одан кейін Мемлекет басшысы Қатар Әмірі шейх Тәмим бен Хамад Әл Тәни бастаған делегациямен кездесті.