Тамара Дүйсенова Әлеуметтік кодексті ТМД аумағында алғаш рет қолданысқа енгізілетін біртұтас әлеуметтік құжат деп есептейдә. Ол адамның бүкіл өмір сүру кезеңін қамтиды, атап айтқанда:
- туғаннан кәмелет жасқа толғанға дейінгі әлеуметтік қолдау;
- еңбекке қабілетті жаста жұмыспен қамту;
- еңбек қауіпсіздігі;
- әлеуметтік сақтандыру шаралары;
- өмірлік қиын жағдай туындаған кездегі әлеуметтік көмек;
- жасы ұлғайған шақтағы қолдаулар.
«Өздеріңіз білетіндей, Кодексте көзделген кейбір әлеуметтік қолдау шаралары жыл басынан бері көрсетілуде, қалғаны 1 шілдеден басталмақ», – деді ол.
Премьер-министрдің орынбасары ана мен баланы әлеуметтік қорғауды күшейту үшін қосымша мынадай атаулы шаралар көзделгенін айтты.
- Біріншіден, жыл басынан бастап бала күтіміне байланысты төлемдер мерзімі 1,5 жасқа дейін ұзартылды. Бүгінде 450 мыңнан астам отбасы осындай көмек алды. Жыл соңына дейін 800 мыңнан астам отбасын қамту жоспарлануда.
- Екіншіден, атаулы әлеуметтік көмек (бұдан әрі – АӘК) алушылар қатарынан 1 жастан 6 жасқа дейінгі балаларға кепілдендірілген әлеуметтік топтама енді ақшалай түрде беріледі. Жыл басынан бері мұндай көмек 171 мыңнан астам балаға көрсетілді. Жыл соңына дейін 212 мың балаға беру жоспарлануда.
- Үшіншіден, осы жылдың 1 шілдесінен бастап «Алтын алқа» төсбелгісімен марапатталған көпбалалы аналарға берілетін жәрдемақы мөлшері 7,4 айлық есептік көрсеткішке дейін артады және 90 мың анаға төлене бастайды.
ЕХӘҚМ басшысы сондай-ақ Әлеуметтік кодексте ерекше қажеттіліктері бар азаматтарға көп көңіл бөлінетінін де атап өтті.
«Негізгі мақсат – мүгедектігі бар азаматтарға берілетін жәрдемақыны ұлғайту, сондай-ақ арнайы әлеуметтік қызметтерді қолжетімді ету.
Ол үшін биыл 1 шілдеден бастап мүгедектігі бар адамдарға, оларға күтім жасайтын адамдарға, асыраушыларынан айырылған отбасыларға берілетін жәрдемақы мөлшері 14,5%-ға артады. Жыл басынан бері жәрдемақылар мөлшерінің 8,5%-ға өскенін ескере отырып, төлемдер мөлшері өткен жылдың деңгейіне қарағанда жалпы 23%-ға артады», – деді Премьер-Министрдің орынбасары.
Мүгедектігі бар адамға қызмет көрсетуге отбасы мүшелерін тарту көзделеді. Мүгедектігі бар адамдардың күтушілері тиісті еңбекақы және әлеуметтік аударымдармен қамтылып, жеке көмекші ретінде ресімделетін болады.
Сондай-ақ мүгедектігі бар адамдардың және қоғамдық ұйымдардың ұсыныстары бойынша:
- «Спина бифида» диагнозы қойылған 242 азаматты сапалы катетерлермен қамтамасыз ету мәселесі толық шешілді. Бұған қажетті 328 млн теңге республикалық бюджеттен бөлінеді;
- азаматтарға берілетін гигиеналық заттардың нормативі 2 есе артты. Ол үшін жергілікті бюджеттен 5 млрд теңге қарастырылды;
- менталды ауруы бар балаларды шипажайлық-курорттық емдеу Денсаулық сақтау министрлігімен бірлесе отырып пилотты түрде жүргізілетін болады. Алдымыздағы жарты жылдықта өңір басшылары осы санаттағы 1126 баланы шипажайда емдеуді қарастырып, қажетті қаражат бөлінді;
- Инватакси мәселесін түпкілікті шешу үшін Яндекс таксимен келіссөздер жүргізілді. Бұл платформаның қызметтері бірқатар өңірлердегі мүгедектігі бар адамдар үшін қолжетімді болады.
«Бұдан басқа, Әлеуметтік кодексте 2025 жылдан бастап арнаулы әлеуметтік қызметтердің жан басына шаққандағы нормативтерін енгізу көзделген. Мұндай өзгеріс бірінші рет енгізіліп жатқанын ескере отырып, біз пилоттық жұмысты бастауға шешім қабылдадық. 2023 жылдың шілде айынан бастап 7 өңірде сыйымдылығы 50 баладан аспайтын шағын жинақты үйлерде арнаулы қызмет көрсетудің пилоттық жобасы іске асырылатын болады», – деп толықтырды Тамара Дүйсенова.
Ол кейінгі уақытта сапалы техникалық оңалту құралдарымен (бұдан әрі – ТОҚ) қамтамасыз ету мәселесі жиі көтеріліп келе жатқанын атап өтті. Еңбекмині оны шешудің 2 әдісін қарастырады.
- Біріншісі – балалардың оңалту құралдарына қол жеткізуіне мүмкіндік беретін «Техникалық оңалту құралдары инновациялық фабрикасы» жобасы биыл басталады. Бұл жоба Қазақстан халқына қорымен бірлесіп қолға алынады.
- Екіншісі – техникалық оңалту құралдарының классификаторы толығымен қайта қаралды. ТОҚ әрбір азаматтың жеке қажеттіліктеріне қарай берілетін болады. Бұл жобалар тараптардың пікірін ескере отырып, жыл соңында тәжірибе жүзінде енгізіледі.
«Зейнетақы мөлшерін арттыру және жүйенің қаржылық тұрақтылығын қамтамасыз ету үшін жыл басында базалық және еңбек зейнетақыларының мөлшерін есептеу параметрлері өзгертілді. Саралау тетігін қолдану нәтижесінде ең төменгі базалық зейнетақы мөлшері 21% - ға дейін өсті. Бұл зейнетақысы төмен зейнеткерлерге әлеуметтік қолдау болды. Ал болашақ зейнеткерлер үшін 2024 жылдың 1 қаңтарынан бастап жұмыс берушілер тарапынан қосымша зейнетақы жарналары төленеді», – деді премьер-министрдің орынбасары.