Мемлекет басшысы Астанада баланы мектепке немесе балабақшаға орналастыру әлі де өзекті мәселе болып отырғанын айтты. Көптеген мектепте оқушылар саны жоспарлы межеден артық.
"Шын мәнінде үш ауысымды оқыту жүйесі сақталып отыр. Бұған жол беруге болмайды. Қалада жаңа білім беру мекемелерінің құрылысына басымдық беру қажет. Сонымен қатар 15 қосымша білім беру нысанын салу керек. Астанада білікті ұстаздардың тапшылығы ерекше сезіліп отыр. Жыл сайын бір мыңға жуық мұғалім жетіспей жатады. Сондықтан, елордада педагогикалық жоғары оқу орнын ашу туралы ұсынысты қолдаймын. Бұл – дер кезінде көтерілген бастама. Сол арқылы салынып жатқан мектептерге қажетті мамандар даярлауға мүмкіндік туады. Үкімет педагогикалық оқу орнын ашуды және көпбейінді аурухана салуды мұқият пысықтауы қажет. Қаражат мәселесін шешу керек". Президент
"Әділетті қоғамды құру үшін, ең әуелі, өскелең ұрпақтың жан-жақты, толыққанды дамуын қамтамасыз ету маңызды. Сондықтан мектептердегі білім беру ісі балалардың әлеуметтік жағдайына қарамастан, инклюзивті әрі барлық бала үшін қолжетімді болуға тиіс" деп қосты ол.
Тоқаев Астанадағы LRT құрылысына да тоқталды. Биыл қаңтарда LRT-ға қатысты жұмысты тездетіп аяқтауды тапсырғанын еске салды.
"Елорда әкіміне Алматының оң тәжірибесін ескере отырып, қоғамдық көлікті диспетчерлік басқару жүйесін қолданысқа енгізуді және дамытуды тапсырамын. Сонымен бірге мен қаңтарда LRT-ға қатысты жұмысты тездетіп аяқтауды тапсырдым. Нақты мерзімдер айқындалды. Тұрғындарға уәде берілді. Енді осы жобаны дер кезінде аяқтау керек. Бұл жұмысқа біраз қаражат бөлінді. Бірақ, нақты нәтиже жоқ. Көлік мәселесін шешуді соза берсек, қала кептелістен көз ашпайды. Бұл үлкен дағдарыс тудыруы мүмкін. Сондықтан, мәселені оңтайлы шешу қажет. Әйтпесе, экономикалық шығынға тап боламыз. Адамдар уақыт жоғалтады, қалаға экологиялық зиян келеді. Көлік саласындағы жағдайдың ушығуына көші-қон мәселесі де ықпал етіп отыр". Мемлекет басшысы
Оның сөзінше, Астанаға жыл сайын 50-60 мың адам, күн сайын жақын маңдағы елді мекендерден 150 мың адам келіп кетеді.
"Мұның бәрі инженерлік және әлеуметтік инфрақұрылымға айтарлықтай салмақ түсіреді. Сол себепті, көші-қон үдерісін тиімді реттеу қажет, яғни, пәрменді шаралар қабылдау керек. Негізінен, көп адам қалаға жақын жерлерден жұмыс істеуге келеді. Сондықтан бұл саланы нақты реттеп, бақылау күшейтілуге тиіс", - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.