Тоқаевтың БРИКС саммитінде айтқан сөзі

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев БРИКС 15-ші саммиті аясында өтіп жатқан БРИКС плюс форматындағы мемлекет басшылары диалогының отырысында сөз сөйледі, деп хабарлайды Zakon.kz.

Қасым-Жомарт Тоқаев:

"Бүгінгі саммит БРИКС-тің рөлін елеулі түрде күшейтіп, ашық диалог пен өзара түсіністік негізінде жаһандағы көптеген өзекті мәселені шешуге көмектесе алады.

Бұл саммит халықаралық аренадағы жағдай шиеленіскен кезеңде өтіп жатыр. Оның сипаттары саяси қысым жасаудан, конфронтациядан және жаппай санкция салудан көрінеді.

Сондықтан мен Шанхай ынтымақтастық ұйымының қазіргі төрағасы ретінде өңіраралық ынтымақтастықтың перспективасы мен ортақ мүдделері туралы көзқарасымызды жеткізгім келеді"

Мемлекет басшысы:

"Осы мүмкіндікті пайдаланып, Үндістанның Премьер-министрі Модиді Айдың Оңтүстік полюсіне таяу жерге үндістандық ғарыш аппаратының сәтті қонуымен шын жүректен құттықтаймын. Бұл – тарихи уақиға"

Президент:

"Қазақстан, Ұйымның негізін қалаушылардың бірі ретінде, өзінің төрағалық ету кезеңінде ШЫҰ-ны алдымыздағы сын-қатерлерге төтеп беретін анағұрлым тиімді алаңға айналдыруды көздеп отыр.

Жиырма жылдан астам уақыт ішінде Шанхай ынтымақтастық ұйымы көпжақты қарым-қатынасты және өңірлік деңгейдегі ынтымақтастықты дамытуда мол тәжірибе жинады.

БРИКС пен ШЫҰ-ға ортақ мүдделер мен басымдықтарды ескере отырып, мен мынадай негізгі бағыттар бойынша күш біріктіруді ұсынамын"

Қасым-Жомарт Тоқаев:

"Біз бейбітшілік, тұрақтылық пен қауіпсіздіктің БҰҰ Жарғысына негізделген лайықты формуласын іздеуіміз керек. Осы мақсатта мен биылғы ШЫҰ саммитінде "Әділетті әлем мен келісімді жақтайтын дүниежүзілік бірлік туралы" бастама көтердім.

Бұл бастама жаһандық қауіпсіздік пен тұрақтылықты сақтау ісін ілгерілетуге, сондай-ақ анағұрлым рационалды әлемдік саяси және экономикалық тәртіпті қалыптастыруға бағытталған"

Мемлекет басшысы:

"БРИКС және "БРИКС Плюс" құрамындағы серіктестер ортақ игілік үшін осы бастаманы жүзеге асыру ісінде бірлесе әрекет ете алар еді.

Сонымен қатар ШЫҰ, БРИКС және БРИКС Плюс құрамындағы елдер өте маңызды саналатын цифрлық орта, электрондық коммерция, киберқауіпсіздік салаларындағы әлеуеттерін біріктіріп, ақпарат алмасуды кеңейткені жөн.

Келесі жылы Қазақстанда Шанхай ынтымақтастық ұйымының Цифрлық форумы өтеді. "БРИКС Плюс" аясындағы серіктестерімізді осы маңызды шараға қатысуға шақырамын"

Президент:

"Қазақстан барша серіктестерді "Солтүстік-Шығыс" пен "Шығыс-Батыс" көлік дәліздеріне қатысты экономикалық, сауда, көлік және инвестициялық жобаларды бірлесе жүзеге асыруға шақырады.

Аса маңызды "Бір белдеу – бір жол" бастамасын толықтыратын Транскаспий халықаралық көлік дәлізі сауда саласындағы ынтымақтастыққа кең мүмкіндік ашады.

Мұндай ықпалдастық өңіраралық сауда-саттықтың дамуына және біздің аймақтардың көлік-транзит әлеуетін толық танытуға септігін тигізеді"

Қасым-Жомарт Тоқаев:

"Климаттың өзгеруі жаһандық ауқымдағы теріс салдарға әкеліп соғатыны баршамызға мәлім. Соңғы бірнеше жылда Жаһандық Оңтүстік және Орталық Азия елдерінде өте қатты қуаншылық белең алып, басқа да табиғат апаттар жиілеп кетті.

Осыған орай Қазақстан Шанхай ынтымақтастық ұйымында 2024 жылды "Экология жылы" деп жариялауды ұсынып, осы өзекті проблеманы шешу жолындағы ортақ күш-жігерді ұйымдастыруға дайын екенін білдірді.

ШЫҰ-ның Экология жылын өткізу жөніндегі іс-қимыл жоспары – уақтылы көтерілген бастама. Бұл бастама БРИКС-ке мүше мемлекеттер тарапынан да қолдау табады деп үміттенемін"

Мемлекет басшысы:

"Осы жағдайға байланысты азық-түлік қауіпсіздігі де жаһандық күн тәртібінде айрықша маңызға ие бола бастады.

Бүгінде әлемдегі азық-түлік өндіруші төрт ірі елдің үшеуі – БРИКС мүшелері. Ал БРИКС елдерінің ауыл шаруашылығы саласындағы ЖІӨ-нің жиынтық мөлшері әлемдік көрсеткіштің жартысынан асады.

Елдеріміз арасындағы азық-түлік теңгерімсіздігін азайту үшін тиісті шаралар қабылдауымыз қажет. Біз әлемдегі азық-түлік пен тыңайтқыш жеткізу ісіне саясатты араластырмай, оларды кез келген санкциялар мен шектеулер ықпалынан босатуымыз керек"

Президент:

"Оңтүстік Африка Республикасы төрағалығы аясындағы "БРИКС және Африка" ұранына сай, Қазақстан да БРИКС елдерімен және Африка одағымен көпжақты ынтымақтастықты нығайтуға ұмтылады.

Қазақстан қатысушы мемлекет ретінде БРИКС әлеуетін арттыруға үлес қосқысы келеді.

Мен жаһандық қауіпсіздікті, орнықты дамуды және инклюзивтілікті қамтамасыз етуге бағытталған ұжымдық күш-жігерді арттыру қажет екеніне сенімдімін"

Қазақстан Қасым-Жомарт Тоқаев
Жаңалықтан zakon.kz сайтында хабардар болыңыз: