Мұнда жөндеу биыл қыркүйек айында басталып, қазан айының соңына дейін аяқталады. Сәндік плиткалар (керамогранит) қалпына келтіріліп, энергияны үнемдейтін шамдар қойылады, бейнебақылау камералары орнатылып, шатыр мен тактильді плиталарды ауыстыру көзделген. Аудан әкіміне сапасыз материалдарды пайдаланбауға жол бермеу тапсырылды.
"Алматы бойынша барлығы 74 жер үсті және 56 жер асты жаяу жүргіншілер өткелі бар. Биыл жаңғыртылып жатыр. Келесі жылы 5 жер үсті өткелінде құрылыс-монтаж жұмысы жоспарланған. Өткелдер антивандальды шамдармен, тактильді плиталармен және бейнекамералармен жабдықталады", - деді аппарат басшысы Бейбіт Шаханов.
Мүмкіндігі шектеулі жандардың ыңғайлы болуы үшін Рысқұлов даңғылы-Доспанов көшелерінің қиылысындағы жер үсті өткеліне жедел саты орнатылады. Бұл екінші нысан еді. Күрделі жөндеу аясында қолданыстағы асфальтбетон жабынын бөлшектеу, сәндік плиткалар мен су бұру құрылғысын қалпына келтіру, аралық құрылыстардың металл конструкцияларын, тіректерді, баспалдақ жиектерін сырлау, лифтілер мен көтергіштерді күрделі жөндеу, шатырды ауыстыру, іргелес аумақты абаттандыру жүргізілді. Бүгінде жөндеу аяқталды.
"Сонымен қатар Райымбек даңғылының қиылысындағы Сайын көшесі бойындағы жер үсті өткелінде күрделі жөндеу жүргізуге ЖСҚ әзірленіп жатыр. ЖСҚ-да асфальтты автоматты жылыту жүйесі бар плиталарға ауыстыру, шатыр мен лифт жабдығы элементін ауыстыру, жарықтандыруды жаңарту және бейнебақылау камераларын орнату көзделеді. Бұған қоса, ерекше қажеттігі бар адамдардың жайлы жүріп-тұруы үшін жаяу жүргіншілер өткелдерінде инклюзивті орта құру бойынша жұмыс жалғасып отыр. 74 жер үсті және 56 жер асты жаяу жүргіншілер өткелінде 87 бірлік лифт құрылыстары және 93 бірлік көтергіш платформалар бар", - делінген Алматы әкімдігі хабарламасында.
Оның ішінде: 51 бірлік лифт құрылысы мен 33 бірлік көтергіш платформа жарамды, штаттық режимде жұмыс істейді. 34 бірлік лифт құрылысы мен 38 бірлік көтеру платформасы бойынша жұмыс биыл жыл соңына дейін аяқталады. Қалған 2 бірлік лифт құрылысы жұмыс істемейді, Жетісу ауданының әкімдігі оны 2024 жылға жоспарлаған.