Қасым-Жомарт Тоқаев туындайтын сын-қатерлерді еңсеруге, табысты ынтымақтастықты нығайту үшін жаңа салаларды іздеуге бағытталған ТМД форматындағы белсенді ықпалдастықты жалғастыруға шақырды
"Тығыз сауда-экономикалық байланыстарды дамыту негізгі міндет болып қала береді. Достастыққа мүше елдердің нарықтары біз үшін қашанда басымдыққа ие. Өткен жылдың қорытындысы бойынша Қазақстанның сыртқы сауда айналымының төрттен бірінен астамы ТМД мемлекеттерімен жасалды. Бұл оң динамика биыл да сақталып отыр. Қазақстанның сауда айналымы 7 айда 4,5 пайызға өсіп, 20,5 миллиард долларды құрады. Біз сауда байланыстарын одан әрі нығайту үшін қолда бар мүмкіндіктерді толық пайдалануымыз қажет", – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Мемлекет басшысының пікірінше, сауда кедергілерін жоюға, қолайлы тарифтік жағдай жасауға, әкімшілік рәсімдерді жеңілдетуге баса мән беру қажет.
Сонымен қатар президент Достастық кеңістігіндегі көлік дәліздерін дамыту маңызды екеніне назар аударды.
"Біз өзіміздің бірегей географиялық артықшылығымызды пайдаланып, жаһандық нарықтарды ұштастыруымыз керек. Осылайша, аймағымызды ірі көлік-логистикалық хабқа айналдырамыз. Әлемде жаңа экономикалық география қалыптасып, сауда ағындары ұлғая түскен қазіргі жағдайда бұл бағыт стратегиялық маңызға ие болады. Бүгінде Еуропа мен Азия арасындағы құрлықтық-транзиттік тасымалдың 80 пайызы Қазақстан арқылы өтеді. Біз Транскаспий көлік бағытын, "Солтүстік – Оңтүстік" дәлізін одан әрі дамытуға, сондай-ақ "Қазақстан – Түрікменстан – Иран" теміржолының мүмкіндіктерін толыққанды пайдалануға айрықша мән береміз. Қазақстан "Достық – Мойынты", "Бақты – Аягөз", "Дарбаза – Мақтаарал" теміржол жобаларын тезірек іске асыруды көздейді", – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.