Америка Құрама Штаттарының Президенті Джозеф Байден Қасым-Жомарт Тоқаев пен Қазақстан халқына жолдаған өзінің құттықтауында екі ел арасындағы ынтымақтастықты жоғары бағалады, делінген Ақорда хабарламасында.
"Қазақстан мен АҚШ-ты егемендікті, тәуелсіздікті және аумақтық тұтастықты сақтау жолындағы ортақ мүддеге негізделген серіктестік біріктіреді. Отыз жылдан астам уақыт бойы біз осы қағидаттарды сақтап, халықтарымыздың жарқын болашағын қалыптастыру үшін бірге әрекет етіп келеміз. Соңғы жылдары стратегиялық серіктестікті нығайтуға және барлық саладағы ынтымақтастықты кеңейтуге бағытталған жұмыс жүргіздік. Мен елдеріміз арасындағы байланыстарды одан әрі тереңдетуге ниеттімін", – деп жазылған Президент Байденнің құттықтау жеделхатында.
Ұлыбритания мен Солтүстік Ирландия Біріккен Корольдігінің Королі III Чарльз Қазақстанмен арадағы достық қатынастар және екіжақты серіктестік одан әрі нығая беретініне сенім білдірді.
Франция Президенті Эмманюэль Макрон өзінің құттықтауында ұзақ жылдар бойғы екіжақты стратегиялық ынтымақтастықты дамытудың маңызды екенін атап өтті.
"Елдеріміз арасындағы қарым-қатынасты одан әрі нығайту, энергетика, су ресурстары, ауыл шаруашылығы, денсаулық сақтау және шикізат салаларындағы серіктестікті дамыту үшін Қазақстанға жасайтын алдағы сапарымды асыға күтемін", делінген жеделхатта.
Айта кетсек, Қасым-Жомарт Тоқаевтың атына Ресей Президенті Владимир Путин мен ҚХР төрағасы Си Цзиньпиннен құттықтау жеделхаты келіп түскен болатын.