Қазақстанда стихиялық қоқыс үйінділерімен күресу және қалдықтарды басқару тиімділігін арттыру бойынша бірқатар жаңа шара қабылданады. Тиісті мәселелер ҚР Үкіметінің кезекті отырысында талқыланды.
Экология және табиғи ресурстар министрі Ерлан Нысанбаев 15 желтоқсандағы жағдай бойынша анықталған 5 543 стихиялық қоқыс үйінділерінің 4 388-і, яғни 80%-ы жойылғанын мәлімдеді.
Қазақстанда қалдықтарды басқару тиімділігін арттыру үшін тиісті инфрақұрылымды дамыту жоспарланып отыр. Бұл контейнерлік алаңдарды ұйымдастыру, контейнерлер мен қоқыс таситын көліктерді сатып алуға, қалдықтарды қайта өңдеу және көму қуатын арттыруға қатысты. Бұдан басқа осы салаға бизнес субъектілерін тарту көзделіп отыр.
Мәселен, халықаралық тәжірибені ескере отырып, жеңілдікпен қаржыландыру тетігі әзірленді. Сыйақы мөлшерлемесі 3% деңгейінде болады, қарыз беру мерзімі – "Өнеркәсіпті дамыту қоры" АҚ арқылы 3 жылдан 15 жылға дейін. Жобаларға бөлінетін қаражаттың жалпы мөлшері 3 жылға шамамен 200 млрд теңгені құрайды. Үкімет қаулысының тиісті жобасы – мемлекеттік органдармен келісудің соңғы сатысында.
Сонымен қатар 2024 жылдан бастап қалдықтарды басқару жөніндегі арнайы кәсіпорындарға төлемдер қайта басталады.
Оған қоса министр Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекске белгіленбеген жерлерге қоқыс шығарғаны үшін айыппұлдарды көбейтуді көздейтін түзетулер әзірленгенін айтты. Мысалы, жеке тұлғалар үшін – 50 АЕК-тен 100 АЕК-ке дейін, ал шағын кәсіпкерлік субъектілері немесе коммерциялық емес ұйымдар үшін – 100 АЕК-тен 200 АЕК-ке дейін.
Өңірлерде жүргізіліп жатқан жұмыстар туралы Ұлытау облысының әкімі Берік Әбдіғалиұлы, Маңғыстау облысының әкімі Нұрлан Ноғаев және Солтүстік Қазақстан облысының әкімі Ғауез Нұрмұхамбетов баяндама жасады.
Премьер-министр стихиялық қоқыс үйінділері мен қалдықтарды реттеу инфрақұрылымын дамыту аса өткір тұрған мәселелердің бірі екенін айтты.
"Біз бұл мәселені биыл қыркүйек айында Үкімет отырысында қарадық. Бірқатар тапсырма берілді, оның ішінде стихиялық қоқыстардың санын 2 есеге қысқарту мәселесін көтердік. Жалпы өңірлерде тиісті жұмыстар жүріп жатыр. Алайда Ұлытау, Алматы және Маңғыстау облыстары ең төмен нәтиже көрсетіп отыр. Аталған өңір әкімдеріне осы салаға жетекшілік жасайтын орынбасарларына қатаң сөгіс жариялауды тапсырамын", — деді Әлихан Смайылов.
Сонымен қатар Үкімет басшысы аудандар мен қалалардың 75%-ы коммуналдық қалдықтарды реттеу бағдарламаларын әзірлеуге әлі кіріспегенін айтып өтті.
"Ал мерзім әлдеқашан өтіп кетті. Мысалы, Батыс Қазақстан, Солтүстік Қазақстан, Түркістан облыстарында және тағы да сол Маңғыстау облысында бірде-бір жоспар әзірленбеген. Сондықтан аталған өңір әкімдері де өздерінің осы салаға жетекшілік ететін орынбасарларына тапсырманы орындамағаны үшін сөгіс жарияласын", — деді Үкімет басшысы.
Оған қоса Премьер-министр егер жұмыстар 1 сәуірге дейін аяқталмаса, тиісті тәртіптік шаралар қабылданатынын айтты.
Үкімет басшысының сөзінше, стихиялық қоқыстарды болдырмау және экологиялық мәдениетті қалыптастыру бойынша жұмысты қайта құру қажет.
"Халықаралық тәжірибе көрсетіп отырғандай, дамыған елдер бірінші кезекте қалдықтарды қайта өңдейтін инфрақұрылымды ретке келтіріп алады. Бұл жерде өндірушілердің кеңейтілген міндеттемелерінің механизмін белсенді түрде қолдану керек", — деді Әлихан Смайылов.
Сонымен қатар Премьер-министр қалдықтарды сұрыптау және оларды кәдеге жаратудың нақты жүйесін құрған жөн екенін айтты.
"Мұның барлығын халық арасында түсіндіру жұмыстарын күшейте отырып, жүргізу қажет. Сондай-ақ қабылданған Экологиялық білім беру мен тәрбиелеу жөніндегі 2029 жылға дейінгі іс-шаралар жоспарының уақытылы және сапалы орындалуын қамтамасыз ету қажет", — деді Үкімет басшысы.
Әлихан Смайылов 2024 жылғы 1 наурызға дейін нақты іс-шаралар мен іске асыру механизмдерін қамтитын коммуналдық қалдықтарды реттеу бағдарламаларын әзірлеу және бекіту бойынша барлық қажетті шараны қабылдауды тапсырды.
"Экология және табиғи ресурстар министрлігі мүдделі мемлекеттік органдармен бірлесіп, келесі жылғы қаңтардың соңына дейін инфрақұрылымдық жобаларды қаржыландыру жөніндегі қажетті нормативтік құқықтық актілерді қабылдауы тиіс", — деп талап етті Премьер-министр.
Экология және табиғи ресурстар, Ұлттық экономика министрліктері Әкімшілік кодекске рұқсат етілмеген жерлерде қалдықтарды тастағаны үшін жауапкершілікті күшейтуге бағытталған түзетулер енгізуді тездетуі тиіс.