Тоқаев: ЕАЭО 600 млн адамды азық-түлікпен қамсыздандыра алады, бірақ бұған санкция кедергі

Санкт-Петербургтегі Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңестің отырысында Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев ЕАЭО бүкіл әлем бойынша 600 млн адамның қарнын тойдыра алатынын, алайда бұған санкциялар кедергі екенін мәлімдеді, деп хабарлайды Zakon.kz.

Бұл туралы "Sputnik Қазақстан" хабарлайды.

"Бүгіндері Еуразиялық бестік елдері елдері азық-түлікпен өзін-өзі қамтамасыз етудің ең жоғары деңгейіне қол жеткізді", - деп атап өтті Тоқаев.

Сондай-ақ ол ЕАЭО елдерінің ауылшаруашылығы өнімдері экспортының әлемдік нарықтағы үлесі әлі де төмен екенін, небәрі 2%-дан сәл астатынын атап өтті.

"Ал бұл уақытта Жер шарында 800 миллионнан астам адам аш құрсақ әрі азық-түлік тапшылығын сезінуде", - деді Тоқаев.

Қазақстан Президенті азық-түлік тасымалына геосаяси жағдай кедергі келтіретінін, бұл ретте бірінші кезектегі мәселе санкция екенін атап өтті.


"Салдарынан азық-түлікке мұқтаж қалың бұқара зардап шегеді. Сонымен қатар, сарапшылардың бағалауы бойынша, ЕАЭО елдерінің әлеуеті шамамен 600 миллионға жуық адамды тойдыруға мүмкіндік береді", - деп атап өтті Қазақстан басшысы.

Озық халықаралық стандарттарға сәйкес келетін бәсекеге қабілетті, экологиялық, экспортқа бағдарланған өнім шығару үшін тығыз кооперациялық байланыстар орнату аталған одақтың басым міндеті болуы тиіс, деп санайды Президент.

Қасым-Жомарт Тоқаевтың айтуынша, жыл қорытындысы бойынша Қазақстанда ЖІӨ өсімі 4,9%-ды құрап отыр. 

Инфляциялық қысым, халықаралық логистикалық тізбектердің трансформациясы, өңірлік қақтығыстар, санкциялық текетірес - бұл әлемдік экономиканың даму қарқынын бәсеңдеткен кейбір факторлар ғана, деп атап өтті ол.

"Осындай қиын жағдайда Қазақстан жылды 4,9% экономикалық өсіммен қорытындылауды жоспарлап отыр", - деді Тоқаев.

Қазақстан Президенті ынтымақтастықты дамытуға кедергі келтіретін томпақ тұстарға да жекелей тоқталды.

"Кедендік шекаралардың ашылуына қарамастан, елдердің әрқайсысы, өкінішке қарай, іс жүзінде өз өндірушілерін бірлестіктің басқа қатысушылары бәсекелестігінен қорғауды жалғастыруда. Сондықтан біз ортақ нарықтағы кедергілер мен шектеулерді жоюымыз керек, сондай-ақ бірыңғай техникалық регламенттерді енгізуді жеделдетуіміз қажет", - деді Тоқаев.

Ол Ресей - Қазақстан - Иран бағыты бойынша талшықты-оптикалық байланыс желісін құруды ұсынды.

"Қазақстан ынтымақтастықты жан-жақты дамытуды жақтайды. Осы тұрғыда Үнді мұхитының жағалауымен өтетін халықаралық желілерге қосылу үшін Ресей - Қазақстан - Иран бағыты бойынша талшықты - оптикалық байланыс желісін салу мүмкіндігін қарастыруды ұсынамын", - деді ол.

Оның айтуынша, бұл еуразиялық кеңістікте транзиттік трафиктің баламалы бағытын құрып қана қоймай, Еуразиялық экономикалық одақтың жаһандық деңгейде деректер логистикасындағы позициясын айтарлықтай күшейтуге мүмкіндік береді.

Сондай-ақ Қазақстан Президенті  Еуразиялық экономикалық одақ (ЕАЭО) елдерінің электрондық сауда көлемі таяу болашақта 160 миллиард долларға жетуі мүмкін екенін атап өтті.

"ЕАЭО интеграцияланған ақпараттық жүйесінің толық форматта жұмыс істеуі оған мүше елдер арасында тауарларды өткізу кезінде бизнес шығындарын едәуір қысқартады", - деп атап өтті ол.

Оның пікірінше, электрондық сауда саласының үлкен потенциалы бар.

"Өткен жылы ЕАЭО-дағы бұл нарықтың жалпы көлемі 80 млрд долларға жетті. Таяу болашақта бұл көрсеткіш екі есеге артуы мүмкін", - деді Тоқаев.

Ол ЕАЭО кедендік рәсімдерді жетілдіру және онлайн-сауданың тең құқықты экожүйесін құру арқылы неғұрлым нәтижелі жұмыс істеуі керек екенін атап өтті.

ЕАЭО Қасым-Жомарт Тоқаев
Жаңалықтан zakon.kz сайтында хабардар болыңыз: