Тоқаевтың айтуынша, бейбіт және үйлесімді дамудың күн тәртібін ұжымдық ілгерілету басты міндет болып қала береді.
"Мен әлемдегі түйіндік қайшылықтарды шешуге және ұзақ мерзімді тұрақтылықты қамтамасыз етуге тек ұжымдық күш пен дана дипломатияның арқасында қол жеткізуге болатынына сенімдімін. Осыған байланысты келесі жылы өзінің 80 жылдығын атап өтетін БҰҰ-ға үлкен үміт артылады. Бұл әмбебап ұйымға балама жоқ. Оның әлеуеті әлі ұзаққа барады", - деп толықтырды ҚР Президенті.
Қасым-Жомарт Тоқаев жалпы міндет – БҰҰ-ның жаһандық қауіпсіздікті қамтамасыз етудің 21-ші ғасырдағы сын-қатерлерге тиімді төтеп бере алатын негізгі халықаралық институты ретіндегі рөлін күшейту екенін атап өтті.
"ШЫҰ-ның дауысы халықаралық аренада қазіргі заманның түрлі мәселелері бойынша шоғырландырылған ұстанымды ілгерілете отырып, нақ айтылуы тиіс және солай болады. Сондықтан біз қабылдаған тату көршілік, сенім және серіктестік туралы мәлімдеме өте өзекті. Сонымен қатар, БҰҰ-ның 80 жылдығына және ШЫҰ мен БҰҰ ынтымақтастығының 20 жылдығына орай біздің әлемдік бірлік, келісім және даму туралы бастамамызды қолдау үшін БҰҰ Ассамблеясының қарарын қабылдауды ұсынамын", - деп түйіндеді Мемлекет басшысы.
2024 жылғы 4 шілдеде Шанхай Ынтымақтастық Ұйымына (ШЫҰ) мүше мемлекеттер басшылары кеңесінің отырысы өтті. Қасым-Жомарт Тоқаевтың айтуынша, ұйым әлемдегі ең ірі және қарқынды дамып келе жатқан экономикаларды қамтиды. ШЫҰ-ға қатысушы елдер қандай құжаттарға қол қойғанын мына жерден оқи аласыз.