Мемлекет басшысы өз сөзінде осы маңызды іс-шараны ұйымдастыруға бастамашы болғаны үшін Премьер-министр Шахбаз Шарифке алғыс айтты, делінген 2026 жылғы 4 ақпандағы Ақорда баспасөз қызметінің хабарламасында.
"Пәкістанға жасаған алғашқы мемлекеттік сапарым екіжақты ынтымақтастықтың айтулы тарихи кезеңіне айналды. Біз серіктестігімізді стратегиялық деңгейге көтеруге арналған Бірлескен декларацияға қол қойдық. Бүгінгі бизнес форум барысында жалпы сомасы 200 миллион долларға жуық 30-дан аса келісім жасалды. Бұл бауырлас халықтарымыздың сауда-экономикалық және инвестициялық ықпалдастығын одан әрі нығайтуға тың серпін береді. Шын мәнінде, серіктестігіміз ұдайы кеңейіп келеді. Былтыр екі ел арасындағы тауар айналымы екі есеге жуық өсті. Қазақстанда Пәкістан капиталының үлесі бар 200-ден астам компания құрылыс, ауыл шаруашылығы, тағам өнеркәсібі, индустрия және басқа да көптеген салада жұмыс істейді. Осы оң үрдіске арқа сүйей отырып, екіжақты сауда көлемін 1 миллиард долларға дейін ұлғайтуды көздейтін өршіл мақсат қойдық", – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Президент Үкіметке екі елдің бизнес құрылымдары арасындағы, соның ішінде Қазақстан мен Пәкістан Үкіметаралық комиссиясы аясындағы ықпалдастықты жандандыруды тапсырғанын жеткізді.
"Қазақстан Орталық Азиядағы экономикасы ірі ел ретінде өңірлік өсімді қамтамасыз етуге және тың мүмкіндіктерге жол ашуға үлкен үлес қосып келеді. Былтыр экономикамыз 6,5 пайызға артып, нәтижесінде ішкі жалпы өнім көлемі 300 миллиард доллар межесінен асты. Ал жан басына шаққанда ішкі жалпы өнім көлемі 15 мың долларға жетті. Бұл біздің нарықтың орнықты және экономикалық әлеуеті жоғары екенін көрсетеді. Біз институционалдық құрылымдарды дәйекті түрде жетілдіру арқылы өркендеп келеміз. Экономикалық стратегиямыз сауда мен инвестицияны әртараптандыруға, инновацияларды ынталандыруға және білімге негізделген даму моделін ілгерілетуге бағытталған. Мен жетекшілік ететін Шетелдік инвесторлар кеңесі Қазақстандағы ашықтық, әділдік қағидаттарына және іскерлік климатты ұдайы жақсартуға бейіл. "Бір терезе" қағидатымен жұмыс істейтін Ұлттық цифрлық инвестициялық платформа инвесторлар мен бизнеске арналған үдерістерді айтарлықтай жеңілдетеді", – деді Мемлекет басшысы.
Қасым-Жомарт Тоқаев Астана халықаралық қаржы орталығы инвестиция, инновация және корпоративтік қызмет көрсету салалары бойынша өңірдегі жетекші орталық саналатынына тоқталды
"Бүгінде 100-ге жуық елден 5 мыңнан астам компания осы платформа аясында табысты жұмыс істеп жатыр. Ерекше атап өтетін жайт, экожүйеге Пәкістанның 11 компаниясы қосылған. Қатысушылар қатары алдағы уақытта да көбейеді деп сенеміз. Қазақстан, сондай-ақ өңір нарығына шыққысы келетін пәкістандық кәсіпкерлерге сенімді әрі ашық мүмкіндіктер ұсынамыз. Тұрақты инвестициялық құрылымды ұдайы жетілдіріп отырамыз", – деді президент.
Мемлекет басшысының пікірінше, Қазақстан мен Пәкістанның географиялық орналасуы стратегиялық тұрғыдан маңызды. Екі ел де өңірлік және жаһандық байланыстың басты буыны бола алады.
"Еуразия жүрегінде орналасқан Қазақстан құрлық арқылы сауда-саттықта елеулі рөл атқарады. Еуропа мен Қытай арасында құрлық жолдарымен тасымалданатын жүктің 85 пайызы біз арқылы өтеді. Қазіргі уақытта Транскаспий халықаралық көлік бағдарын немесе Орта дәлізді дамыту елімізді трансконтиненталдық сауданың ірі орталығына айналдыратын негізгі фактор ретінде қарастырамыз. Сондай-ақ транзит ағынын анағұрлым тиімді үйлестіруді көздейтін Smart Cargo бірыңғай цифрлық басқару платформасын әзірледік. Бұл ретте "Қазақстан темір жолы" ұлттық операторы, "Қазпошта" акционерлік қоғамы мен Пәкістанның ұлттық логистика корпорациясы және Pakistan Post компаниясы арасында келісімге қол қойылуын құптаймын. Олардан мультимодальды көлік шешімдерін ілгерілетуге және елдеріміздің порт инфрақұрылымын бірлесе пайдалануға жол ашатын нақты қадамдар күтеміз", – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Президент Қазақстан мен Пәкістан Азық-түлік қауіпсіздігі жөніндегі ислам ұйымына мүше елдер ретінде мұсылман мемлекеттеріне арналған орнықты әрі әділ азық-түлік жүйесін құру жолында ортақ мақсатқа жұмылатынын атап өтті
"Әлемнің 70-тен аса еліне ауыл шаруашылығы өнімдерінің 200-ден астам түрін экспорттаймыз. Соңғы он жылда ауыл шаруашылығы өндірісінің жалпы ішкі көлемі 2,5 еседен аса көбейді. 2030 жылға қарай бұл көрсеткішті екі есе арттыруға ниеттіміз. Жоғары сапалы және экологиялық таза ауыл шаруашылығы өнімін шығаратын сенімді жеткізуші ретіндегі позициямызды нығайтып келеміз. Сол себепті серіктестік байланыстарды кеңейтіп, өңірлік әрі жаһандық деңгейде жаңа жеткізу тізбегін құру үшін жүйелі қадамдар жасаймыз. Осы орайда пәкістандық әріптестеріміздің аталған сектордағы тәжірибесін бөлісіп, капитал құймақ ниетін құптаймыз. Жетісу облысында қант қызылшасын өңдеу зауытын іске қосу туралы Almoiz Group компаниясымен жасалған келісім – осы ынтымақтастықтың маңызды бастамасы", – деді Мемлекет басшысы.
Қасым-Жомарт Тоқаев цифрландыру елдеріміз арасындағы сауда және инвестициялық ынтымақтастық салалары бойынша прогрестің негізгі факторына айналады деп пайымдайды
Президент Пәкістан Үкіметінің озық цифрлық шешімдер енгізу жөніндегі шараларына жоғары баға берді.
"Премьер-министр Шахбаз Шариф Пәкістан экономикасын болашақта бәсекеге қабілетті ету үшін цифрлық трансформацияның маңызды рөл атқаратынын ұдайы айтып келеді. Қазақстан бұл көреген ұстанымды құптайды әрі екі ел үшін де цифрлық инновациялардың әлеуеті зор деп біледі. Біз алдағы бірнеше жылда толық цифрлық елге айналу жөнінде өршіл мақсат қойдық. Оған қол жеткізу үшін өңірдегі алғашқы Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігін құрдық. Инновацияның, зерттеу мен технологиялық прогрестің жетекші платформасы ретінде қызмет ететін Халықаралық Жасанды интеллект орталығын аштық. Alatau City кешенді құқықтық, цифрлық және қаржылық экожүйе қалыптастырады. Бұл еліміздегі қалаларды дамытуда маңдайалды жоба болмақ. Сонымен қатар экономиканың инновациялық және перспективті секторларында орнықты дамытуды ынталандырып, қаржы тартады. Былтыр екі суперкомпьютерді іске қостық. Бұл ауқымды дербес тілдік моделдерді әзірлеу және Қазақстандағы технологиялық прогресті жеделдету ісінде маңызды қадамға айналды. Біздің күш-жігеріміз ұлттық, тіпті жаһандық деңгейдегі ірі IT компаниялардың құрылуына ықпал етті. Мысалы, қазақстандық InDrive платформасы Пәкістанда кеңінен пайдаланылады. Былтырғы көрсеткіш бойынша, қосымша Пәкістандағы такси нарығының 60 пайыздан астамын иеленген. Осылайша, қала ішіндегі қозғалыста бірінші орынға шыққан. Пәкістандық серіктестерді IT және инвестиция салаларындағы мүмкіндіктерімізді пайдалануға шақырамын", – деді Президент.
Қасым-Жомарт Тоқаев екі ел арасындағы серіктестік жаңа кезеңге қадам басқанын және экономикада екіжақты күн тәртібінің барлық саласын қамтитын байланысты тереңдетуге мол мүмкіндік бар екенін атап өтті.
Пәкістан премьер-министрі екі елдің сауда-экономикалық және инвестициялық ықпалдастығын тереңдету тұрғысынан бүгінгі бизнес форумның маңыздылығына назар аударды
"Бүгін біз тауар айналымын алдағы екі жылда 1 миллиард долларға жеткізу үшін барынша әрекет етуге уағдаластық. Осы мақсатқа тезірек жету жолында қолда бар мүмкіндіктің бәрін пайдалануға келістік. Биыл достас Қазақстанға сапармен келуге шақырғаны үшін қадірлі бауырыма ризашылығымды білдіремін. Бұл шақыруды зор қуанышпен және ерекше ықыласпен қабыл алдым. Біз өзара жұмыс тобын құру жөнінде шешім қабылдадық. Бұл топқа ортақ сауда және инвестициялық портфельді кеңейту жөнінде бесжылдық бағдарламаны әзірлеу тапсырылады", – деді Шахбаз Шариф.
Қазақстан-Пәкістан бизнес форумының қорытындысы бойынша жалпы сомасы 200 миллион долларға жуық 30-дан астам коммерциялық құжатқа қол қойылды.
Келісімдерде екі елдің қаржы, логистика, өнеркәсіп, энергетика, агроөнеркәсіп кешені, цифрландыру және инфрақұрылым салаларындағы ынтымақтастығын кеңейту көзделген.
Бұған дейін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Пәкістан премьер-министрі Шахбаз Шарифпен жүргізген келіссөздерінің қорытындысы бойынша БАҚ өкілдерінің алдында сөз сөйлегені хабарланған.