"Мемлекет басшысы "Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне креативті индустрияларды қолдау және дамыту мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" Қазақстан Республикасының Заңына қол қойды", делінген Ақорда баспасөз қызметінің 2026 жылғы 18 ақпандағы хабарламасында.
Айта кетсек, аталған заң жобасы 2026 жылы 7 ақпанда Сенатта қаралған болатын.
"Қаралған заң еліміздегі креативті индустрия саласын реттейтін заңнаманы одан әрі жетілдіруді көздейді. Атап айтқанда, саланы қолдауға бағытталған бірқатар жаңа тетіктер енгізіліп отыр. Сонымен қатар өкілетті органның құзыреттері нақтыланып, қосымша міндеттер жүктелді. Жалпы, заң еліміздің креативті экономика секторының одан әрі дамуына тың серпін береді деп сенеміз", - деді Мәулен Әшімбаев.
Заң аясында кинематография мәселелері мен жастар саясатын реттейтін салалық заңдарға да қатысты өзгерістер енгізілді. Мақұлданған заң бірыңғай саясат шеңберінде креативті индустрияларды дамытуға, шығармашылық әлеуетті экономиканың бір бөлігіне айналдыруға, мәдени және креативті өнімдердің сапасы мен мағыналық толықтығын арттыруға мүмкіндік береді.
Бұл ретте жастарды шығармашылық қызметке тартуға жәрдемдесу, олардың осы саладағы бастамалары мен жобаларын қолдау жөніндегі нормалар туралы сөз болып отырғанын атап өткен жөн.
Бұған дейін Мемлекет басшысы Жапония премьер-министріне құттықтау жеделхатын жолдағаны хабарланған.