Президент Қазақстан бұл бағытты табысты дамыту үшін барынша күш салып отырғанын атап өтті.
"Елімізде салалық министрлік құрылды, Alem.ai халықаралық орталығы ашылды, екі суперкомпьютер іске қосылды. Цифрландыру және жасанды интеллект жылын жариялау осы саланың дамуына тың серпін берді", – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Мемлекет басшысының айтуынша, Қазақстанда бірқатар маңызды бастама жүзеге асырылып жатыр. Соның бірі – қуаты 1 гигаватт болатын "Деректерді өңдеу орталықтарының алқабын" құру жобасы.
Сонымен қатар еліміздің кадрлық және ғылыми әлеуеті нығайып келеді. Қазақстандағы алғашқы мамандандырылған оқу орны – Qazaq AI Research University жасанды интеллект саласына мамандар даярлауға кірісті.
"Технологиялық серіктестігімізді жаңа әрі сапалы деңгейге шығару үшін Астанадағы Alem.ai базасында "Орталық Азия – Корея" озық технологиялар орталығын құруды ұсынамыз", – деді Президент.
Қасым-Жомарт Тоқаев ауыл шаруашылығы саласындағы ынтымақтастықты дамыту мәселесіне де тоқталды.
Мемлекет басшысы былтыр Қазақстанда рекордтық көлемде – шамамен 27 млн тонна астық жиналғанын айтты. Еліміздің агроөнеркәсіп өнімдері әлемнің 70-тен астам мемлекетіне экспортталады. Экспорт көлемі 7 млрд долларға жетті.
"Қазақстан жер ресурстарына бай. Ал Корея ауыл шаруашылығының тиімділігін арттыру және оған жоғары технологияларды енгізу ісінде көш бастап тұр. Бәсекеге қабілетті артықшылықтарымызды біріктіріп, тамақ өнеркәсібінде бірлескен кластер құруды ұсынамын", – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Жаңа кластер өндірісті, ауыл шаруашылығы өнімдерін терең өңдеуді және дайын өнімді сыртқы нарықтарға экспорттауды қамтиды.
Президент Қазақстан кореялық компанияларға үлкен нарық ұсынып қана қоймай, өндіріс орындарын ашуға, технологиялар енгізуге және Еуразия нарығына шығуға мүмкіндік беретінін атап өтті.
Мемлекет басшысының пікірінше, бұл корей бизнесінің көкжиегін кеңейтіп, тұтас Орталық Азия экономикасына мультипликативті әсер етеді.