"Мен үшін Иордан Хашимит Корольдігінің жоғары наградасына ие болу – зор мәртебе. Бұл орден Сіздің текті әулетіңіздің абыройын асырған тұлғаның есімімен аталады. Оның ар-ожданы, сенімі мен нанымы, туған еліне адал қызметі ұрпаққа үлгі болып келеді. Осы жоғары награданы еңбегімнің бағалануы ғана емес, ең алдымен, халықтарымыз арасындағы берік достық пен өзара құрметтің белгісі деп санаймын. Бұл Қазақстан мен Иордания арасындағы байланыстардың тығыз әрі дәйекті түрде нығайып келе жатқанын айғақтайды. Сіздің екіжақты ынтымақтастықты одан әрі ілгерілету ниетіңізді жоғары бағалаймын", – деді Мемлекет басшысы.
Аl-Hussain ibn Ali орденін 1949 жылы Иордания королі I Абдалла бен әл-Хусейн әкесі – Мекке шарифі Хусейн бен Әлидің (1853–1931 жж) құрметіне тағайындаған. Ол Хашимиттер әулетінің аса көрнекті өкілдерінің бірі болған.
Орденді табыстау Иордания королі тарапынан көрсетілген айрықша құрметтің белгісі әрі жоғары деңгейдегі саяси сенімнің айғағы саналады.
Бүгін, 5 қарашада Қазақстанға Иордания Хашимит Корольдігінің королі II Абдалла ибн әл-Хусейн ресми сапармен келді. Келіссөздер барысында король II Абдалла Қасым-Жомарт Тоқаевқа Ақаба процесі аясындағы кездесулердің жаңа раундын бірлесе ұйымдастырғаны үшін шынайы ризашылығын білдірді. Сондай-ақ Мемлекет басшысы Иордания королі II Абдалланы Al-Farabi орденімен марапаттады.