Ақорда баспасөз қызметінің хабарлауынша, саммитке Қазақстан президентімен бірге Ресей Федерациясының президенті Владимир Путин, Беларусь Республикасының президенті Александр Лукашенко, Қырғыз Республикасының президенті Садыр Жапаров, Тәжікстан Республикасының президенті Эмомали Рахмон, сондай-ақ ҰҚШҰ Бас хатшысы Таалатбек Масадыков қатысты.
Сурет: Ақорда
Мемлекеттер басшылары ҰҚШҰ аясындағы ықпалдастықтың негізгі аспектілерін қарастырып, Ұйымның 2026 жылы атқарған қызметінің нәтижесіне баға берді әрі алдағы кезеңге арналған жұмыстың басты бағыттарын айқындады.
Сондай-ақ президенттер халықаралық және өңірлік қауіпсіздіктің өзекті мәселелері жөнінде пікір алмасты.
Қасым-Жомарт Тоқаев қонақжайлық танытқаны үшін Владимир Путинге ризашылығын білдіріп, Ресей тарапының биыл ҰҚШҰ-ға өте нәтижелі төрағалық еткенін атап өтті.
Сурет: Ақорда
Президент халықаралық терроризммен күрес, есірткі заттарының заңсыз айналымына қарсы іс-қимыл, сондай-ақ жасанды интеллект технологиясының ықпалы ұлғайып келе жатқанын ескере отырып, ақпараттық қауіпсіздікті нығайту бағыттары бойынша күш-жігер жұмылдыру қажет екеніне назар аударды.
Қазақстан президенті сөз соңында ҰҚШҰ-ға төрағалық ететін Тәжікстанның көшбасшысы Эмомали Рахмонды құттықтап, осы жауапты миссияны атқаруда сәттілік тіледі.
Жиын қорытындысы бойынша Ұжымдық қауіпсіздік кеңесінің Бірлескен мәлімдемесі қабылданды.
Сонымен қатар ҰҚШҰ-ға мүше мемлекеттердің ортақ мүддесіне сай ұжымдық қауіпсіздікті одан әрі нығайтуды көздейтін бірқатар құжатқа қол қойылды.
Сурет: Ақорда