Айта кетсек, 6 қарашада АҚШ-та суперорта салмақ санатындағы жекпе-жек WBA нұсқасы бойынша әлем чемпионы атағы үшін Айдос Ербосынұлы кубалық боксшы Давид Моррельмен таласып, қолғап түйістірген болатын. Бұл кездесуде отандасымыз нокаутқа түсіп, жеңіліп қалған еді. Артынша іле-шала Ербосынұлы Миннеаполис қаласындағы ауруханалардың біріне шұғыл жеткізілді. Дәрігерлер оған "миға қан кету" диагнозын қойды. Осыдан кейін жасанды комаға жіберіліп, оған ота жасалды. Жақында оның комадан шыққаны белгілі болды.
Suleimen Promotions командасының баспасөз қызметі Instagram-дағы парақшасында АҚШ-та ауруханада ем алып жатқан Айдос Ербосынұлының телефон арқылы қазақ халқына жолдаған аудио сәлемін жариялады.
"Ассалаумағалейкум, Қазақ елі! Қалдарыңыз қалай? Аллаға шүкір, тәуір болып келе жатырмыз. Біраз жекпе-жек барысында жарақат алып қалдық. Айналысып жүрген спортымыз оңай емес. Үлкен спорт болған соң мұндай жағдайлар болып тұрады. Маған дұға тілеп, тілектес болған баршаңызға Алла разы болсын. Әрдайым Сіздерді көңілімде ұстап жүремін. Рақмет!" Айдос Ербосынұлы