Ташкенттегі Әлем чемпионатында біздің команда 10 жыл бұрынғы бірегей жетістігін қайталап, бірден 4 алтын медаль жеңіп алды. Бұл - Әлем чемпионаты шеңберіндегі отандық боксшылар үшін ең жақсы нәтиже. Чемпиондарды қарсы алуға келгендер қатарында Мәдениет және спорт министрі Асхат Оралов та болды.
"Бүгін - тарихи жеңіс. Кеше бүкіл әлем бокстан Ташкентте өтіп жатқан Әлем чемпионатының нәтижесін тағатсыздана күтіп, тамашалады. Ал біздің жігіттерден бесеуі финалға шықты. Біз бір күміс және төрт алтын медаль алдық. Бұл - соңғы 10 жылдағы алғашқы жетістік. Қазақстан құрамасының атынан отандық бокс мектебінің түлектері қатысқаны ешкімге құпия емес. Қазақстандық бокс мектебінің әлемдегі ең үздіктердің бірі екенін тағы да дәлелдедік. Көрдіңіздер бе, біздің спортшыларды қолдауға қанша адам келіп тұр. Құрмет деген осы". Асхат Оралов
Сурет: Zakon.kz
Сурет: Zakon.kz
Ол алда Азия ойындары мен Олимпиада барын еске салды. Айта кетсек, әрбір жеңімпаз осы чемпионатта 365 мың доллардан табыс тапты.
"Спортшылардың басты мақсаты - ақша емес. Олар халықтың ар-намысын қорғау үшін барады. Ташкентте Қазақстанның әнұраны 4 рет шырқалды. AIBA жігіттеріміздің әрқайсысына 250 мың доллардан береді. Біздің Қазақстан федерациясы - 100 мың доллардан. Үкіметтен заң бойынша әлем чемпиондарына 15 мың доллар берілді. Дәл осындай сома жаттықтырушыларға да беріледі. Менің ойымша, бұл - дұрыс шешім. Бұл тек боксқа ғана қатысты емес, сонымен қатар басқа спорт түрлерінде де солай". Асхат Оралов
Чемпиондардың бірі Нұрбек Оралбай қазақстандықтарға қолдау көрсеткені үшін алғыс айтты.
"Бұл - біз үшін үлкен мотивация. Біз сіздердің қолдауларыңызды жақсы сезіндік. Халқымыздың намысты екенін көрсетуге тырыстық. Алдымызда Азия ойындары, Олимпиада бар. Біз еліміздің көк туын әлі әуелетіп, желбіретеміз". Нұрбек Оралбай
Сурет: Zakon.kz
Алтын медаль иегерлерінің бірі Санжар Тәшкенбай демалып алуды, туыстарымен бірге уақыт өткізуді, содан кейін ірі жарыстарға дайындыққа кірісуді жоспарлап отырғанын айтты.
"Біз оларға да (Азия ойындары, Олимпиада) қатысамыз. Қазақстандықтарға қолдау көрсеткені үшін үлкен алғысымды білдіргім келеді, қолдау күшті болды. Ташкентте трибуналарда өзбектер емес, қазақтар көп болды. Біздің Әнұран шырқалғанда ғаламат болды". Санжар Тәшкенбай
Сурет: Zakon.kz
Әуесқойлар арасындағы бокстан Әлем чемпионаты 2023 жылдың 30 сәуірі мен 14 мамыры аралығында Ташкентте өтті. Чемпионатқа әлемнің 107 елінен 500-ден астам спортшы қатысты.