Ақ Азиада 2025 жылдың 7-14 ақпан аралығында Қытай Халық Республикасының Харбин қаласында өтеді.
"Жаңа форма халықаралық стандарттарға сай әзірленіп, ұлттық талаптар толық ескерілді. Негізгі түстер – қою көк пен ашық көк. Бұл түстер тұрақтылықты, тәуелсіздікті және жаңа белестерге ұмтылысты бейнелейді. Ақ түсті элементтер тазалықты және спорттағы әділдік қағидаттарын айқындайды". Туризм және спорт министрлігі
Дизайн мемлекеттік рәміздермен: елтаңба және тумен толықтырылған. Сонымен қатар форманың безендірілуінде QAZAQSTAN жазуы, 2025 жылғы IX Қысқы Азия ойындарының логотипі және Қазақстан Ұлттық Олимпиада комитетінің эмблемасы бар.
Форма заманауи технологиялармен жасалған жоғары сапалы материалдардан дайындалған. Спортшылардың жайлылығы үшін табиғи термореттеу қасиетіне ие маталар қолданылды. Сыртқы киім табиғи мамықпен жылытып, жеңіл әрі жылуды сақтайтын етіп жасалған.
Спорттық костюмдерде суық жағдайларда да жылу сақтайтын жоғары технологиялық флис пайдаланылды.
Форма жиынтығына жылы куртка, желден қорғайтын костюм, жилет, спорттық және жаттығу киімдері, футболка, шорты, бас киімдер, спорттық аяқ киім және әртүрлі аксессуарлар кіреді.
IX Қысқы Азия ойындарына Азияның 32 елінен 1147 спортшы қатысады. Жарыс бағдарламасы аясында 6 спорт түрі және 11 дисциплина бойынша 196 медаль жиынтығы сарапқа салынады.