Мәнерлеп сырғанаушыларымыз Азия ойындарында алтын медальға үміт арта алады ма

Сурет: olympic.kz
2025 жылы Қытайдың Харбин қаласында өтетін Қысқы Азия ойындарына дайындық барысында Қазақстанның мәнерлеп сырғанаушылары бірқатар табысқа қол жеткізіп, медаль ұтып алуға деген мүмкіндіктерін көрсетті, деп хабарлайды Zakon.kz.

Алдағы Азия ойындарында Қазақстан құрамасының спортшылары мәнерлеп сырғанаудан үш бағдарлама бойынша өнер көрсетеді.

"Ерлер арасындағы жекелей сында құрлық үздігі атану үшін Михаил Шайдоров пен Диас Жиренбаев бақ сынайды. Әйелдер арасындағы бағдарламада Софья Самоделкина мен Софья Фарафонова жарысқа қатысады. Ал Рахат Бралин мен Анна Левковец қосалқы құрамда. Сондай-ақ, Қазақстан құрамасының бапкерлер штабы мұз үстіндегі би жарысында Гаухар Наурызова мен Байсанғұр Датиевтің өнер көрсететінін мәлімдеген. Қазақстанның мәнерлеп сырғанаушыларының қазіргі жағдайы мен жетістіктеріне қарап, Азия ойындарында медаль ұтып алуға мүмкіндіктері бар екенін айтуға болады. Әсіресе, Шайдоров пен Самоделкинаның көрсеткіштері сенім артуға негіз береді", деп хабарлайды Ұлттық олимпиада комитеті.

2024 жылдың желтоқсан айында Шайдоров ISU Гран-при финалына өткен алғашқы қазақстандық атанды. Бұл жарыста ол 253,75 ұпай жинап, бесінші орынға тұрақтады. Ал 2025 жылы Италияның Турин қаласында өткен Универсиадада ол өз нәтижесін жақсартып, 260,15 ұпай жинады және қола жүлдеден бір қадам қалыс қалды.

Бұдан бөлек, Михаил Шайдоров мәнерлеп сырғанаудың әлемдік тарихына есімін жазды. Францияның Анже қаласында өткен Гран-при кезеңінде ол үштік аксель мен төрттік тулупты комбинация ретінде таза орындаған алғашқы спортшы болды. Бұрын-соңды ешкім мұндай комбинацияны ресми жарыстарда орындай алмаған.

"Дегенмен, Харбиндегі Азия ойындарында алтын медаль алу оңайға соқпайды. Азияның мәнерлеп сырғанаушылары, әсіресе жапондықтар, әлемдік жарыстар мен Олимпиада ойындарында тұрақты түрде жеңіс тұғырынан көрініп жүр. Шайдоров қысқа бағдарламада бәсекелестеріне лайықты қарсылық көрсете алады. Дегенмен еркін бағдарламада аз ұпай жинап қалуы ықтимал. Бұл оған азиялық көшбасшыларды жалпы есепте басып озуға мүмкіндік бермейді". ҚР ҰОК баспасөз қызметі

Жапония құрамасынан Юма Кагияма мен Шун Сато ерекше көзге түседі. Екеуі де Гран-при финалында және Универсиадада өнер көрсеткен.

Кагияма 2023 жылғы әлем чемпионатының және Олимпиаданың күміс жүлдегері. Ол Францияның Гренобль қаласындағы Гран-при финалында 281,78 ұпаймен екінші орынды иеленсе, Шун Сато 270,82 ұпаймен үшінші орын алды. Туриндегі Универсиадада Юма жеңімпаз атанып, 289,04 ұпай жинады, ал Шун бірнеше қателік жіберіп, 248,50 ұпаймен бесінші орынға тұрақтады.

Сонымен қатар Оңтүстік Кореяның спортшысы Ча Джунхван Универсиадада қазақстандық Шайдоровты басып озып, 264,94 ұпаймен қола жүлдегер атанды. Сондай-ақ, Ча 2023 жылы әлем чемпионатында 296,03 ұпай жинап, күміс жүлде жеңіп алды. Осылайша Оңтүстік Корея спортшысы Харбиндегі Азия ойындарында басты фавориттердің қатарына кіреді.

Сонымен қатар ерлер арасындағы жарыстарда Жапония бапкерлерінің құрам таңдау жөніндегі шешімі әлі белгісіз болып отыр. Жапонияда мықты спортшылар көп. Олардың қатарында Као Миура, Тацуя Цубой және басқалар бар. 

Қытайдың мәнерлеп сырғанаушыларына келсек, бұл спорт түрінде олардың деңгейі әзірге жоғары емес. Олар өз жерінде өтетін Азия ойындарында белгілі бір нәтижелер көрсетуі мүмкін, бірақ алтын медаль үшін күресе алады деп айту қиын.

Диас Жиренбаевқа келсек, оның мүмкіндіктері шектеулі. Туриндегі Универсиадада ол 186,09 ұпаймен 14-орын алды. 2024 жылы Қазақстан чемпионатында 200,63 ұпай жинап жеңімпаз атанғанымен, бұл көрсеткіш Азия ойындарында көшбасшылармен бәсекелесуге жеткіліксіз.

Әйелдер арасындағы жарыста Жапония және Оңтүстік Корея мәнерлеп сырғанаушылары көш бастап тұр. Қазақстандық Софья Самоделкина мінсіз өнер көрсеткен жағдайда жүлдеге үміткер бола алады. Бірақ ол халықаралық ересектер деңгейінде жарысқа енді ғана қатыса бастағанын ескерсек, бұл оңай болмайды.

Жасөспірімдер арасындағы жарыстарда ол жоғары нәтижелерге қол жеткізген. Мысалы, 2021 жылы жасөспірімдер арасындағы Гран-приде екінші орын алды. Ал биылғы Универсиадада 190,96 ұпаймен қола жүлдеге ие болды. Егер Самоделкина өз нәтижесін жақсартса, Харбинде 200 ұпайға жақындауы мүмкін.

Егер Гран-при нәтижелерін ескеретін болсақ, финалдық кезеңге шыққан алты спортшының бесеуі Жапония атынан өнер көрсеткенін атап өту қажет. Олардың қатарында әлем чемпионы, Олимпиада ойындарының қола жүлдегері Каори Сакамото және 2025 жылғы Универсиаданың күміс жүлдегері Монэ Тиба бар (Сөзге тиек етсек, Туринде оның командаласы Рион Сумиеси жеңіске жетті). Ерлер секілді, бұл елдің әйелдер құрамасы да мықты резервке ие.

Жапондықтармен бәсекеге түсе алатын спортшы – Оңтүстік Корея өкілі Ким Чхэен. Өткен жылы ол әлем чемпионатында үшінші орынды (203,59 ұпай) және Төрт құрлық чемпионатында екінші орынды иеленген. Биылғы маусымда Гран-при сериясы кезеңдерінде сәтті өнер көрсетті. Жалпы, ол фавориттердің қатарында болуға толық лайық.

Мұз үстіндегі биде қазақстандық жұптар медаль үшін басты үміткерлер қатарында емес. Дегенмен, Азияда бұл бағдарламада әлемдік деңгейде үздік атанған спортшылар жоқ. Бұл күтпеген нәтижелерге жол ашуы мүмкін.

Дей тұрғанмен, белгілі азиялық жұптар арасында Ханна Лим/Цюань Е (Оңтүстік Корея), Мисато Комацубара/Тим Колето (Жапония), Чэнь Сицзы/Син Цзянин (Қытай), Ютана Ешида/Масая Морита (Жапония) бар.


"Жалпы, Қазақстан Қысқы Азия ойындарында екі медальға қол жеткізуге қауқарлы. Әрине, бұл оңай тапсырма емес, бірақ шынайы. Ең бастысы, спортшылар өз бағдарламаларын қателіксіз орындауы керек, өйткені мәнерлеп сырғанау – нәтижені болжап білуге келмейтін спорт түрі", - дейді Ұлттық Олимпиада комитеті.
Қазақстан

Оқи отырыңыз

Жаңалықтан zakon.kz сайтында хабардар болыңыз:

Танымал жаңалықтар

Бельгияда жалпыұлттық ереуіл өтіп жатыр

Көп балалы отбасылар, ипотека, білім: қазақстандықтар салық арқылы ақшаны қалай үнемдей алады

Көлікті 5 минуттан артық қыздырғандарға салынатын айыппұлдың мән-жайын ІІМ түсіндіріп берді

Көкшетауда кісі өлтірді деген үш күдікті бірден ұсталды

2025 жылдан бастап Денсаулық сақтау министрлігі медициналық қызметтердің тарифтерін өзгертті