Жарысқа 16 команда қатысады. Қазақстан намысын GTB KZ және PBC Astana қорғайды. Олардың қарсыластары қатарында Аргентинаның Boca Juniors және Испанияның Valencia Basket секілді халықаралық клубтары бар.
Фиджитал-баскетбол – цифрлық және дәстүрлі спортты біріктіретін жаңа формат. Әр матч екі кезеңнен тұрады: алдымен қатысушылар баскетбол симуляторында 2×2 форматында бақ сынаса, кейін жарысты нақты алаңда сол форматта жалғастырады. Жеңімпаз екі кезеңде жинаған ұпайлардың жалпы қорытындысы бойынша анықталады.
Турнир аясындағы фиджитал-баскетбол жарысына Halyk қайырымдылық қоры қолдау көрсетіп отыр.
"Фиджитал-баскетболдың ерекшелігі – цифрлық шеберлік пен нақты спорттық дайындықты бір жарыс аясында ұштастыруында. Мұнда технология спорттың орнын баспайды, керісінше оны толықтырады. Қазақстандық командалардың өз алаңында халықаралық клубтармен бәсекеге түсуі отандық спортта жаңа форматтардың дамуына серпін береді", – деді қордың бас директоры Сағынбек Шүңкеев.
Жалпы "Болашақ ойындары – 2026" турнирі 29 шілде мен 9 тамыз аралығында өтеді. Оған 50-ден астам елден келген 800-ден астам спортшы қатысып, сегіз бағыт бойынша сынға түседі. Жоба дәстүрлі спорт, киберспорт және заманауи технологияларды бір алаңда тоғыстыратын халықаралық жарыс саналады.