Матчтың алғашқы минуттарында екі команда да шабуылға жиі шығып, ойын тең дәрежеде өрбіді. Алайда 25-минутта "Омония" сапында жағдай күрт өзгерді. "Қайрат" футболшысына қарсы өрескел ойын көрсеткені үшін Андроникос Какулис тікелей қызыл қағаз алып, алаңнан қуылды. Осылайша кипрлік команда бір ойыншымен кем қалды.
Сурет: Zakon.kz
Осы сәттен кейін "Қайрат" қарсыласына қысымды күшейтті. Бас бапкер Рафаэль Уразбахтин шабуылды күшейту үшін алаңға бірден екі шабуылшы – Исмаил Бекболат пен Эдмилсонды шығарды.
Бұл шешім өз нәтижесін берді. 38-минутта бразилиялық шабуылшы Эдмилсон баспен дәл соққы жасап, есеп ашты – 1:0. Бірінші тайм осы есеппен аяқталды.
Үзілістен кейін "сары-қаралар" қарсылас қақпасына үздіксіз шабуыл ұйымдастырды. Дегенмен "Омония" қорғаушылары мен қақпашысы сенімді ойнап, негізгі уақыт аяқталғанша гол жібермеді.
Осылайша екі матчтың қорытындысы бойынша жалпы есеп 1:1 болды. Себебі бір апта бұрын Кипрде өткен алғашқы кездесуде "Омония" 1:0 есебімен жеңіске жеткен еді.
Сурет: Zakon.kz
Жеңімпазды анықтау үшін матч қосымша екі таймға ұласты. Бұл уақытта "Қайраттың" алаңда екі ойыншысы артық болды. Соған қарамастан кипрлік клуб қорғаныста сауатты ойнап, өз қақпасын голдан аман сақтап қалды.
Нәтижесінде жеңімпаз пенальти сериясында анықталды. Бұл сында алматылықтардың жолы болып, 6:5 есебімен жеңіске жетті. Шешуші пенальтиді "Қайраттың" қақпашысы Темірлан Анарбеков қайтарып, матчтың басты қаһарманы атанды.
Енді "Қайрат" УЕФА Чемпиондар лигасы іріктеуінің үшінші кезеңінде Болгарияның "Левски" клубы мен Румынияның "Университатя Крайова" командалары арасындағы жұптың жеңімпазымен кездеседі. Ал бұл жұпта жеңілген команда маусымын УЕФА Еуропа лигасында жалғастырады.