Биыл марафонға шетелден 380 жүгіруші қатысты, ал іс-шараға әлемнің 28 елінен қатысушылар келді. Бұл – Turkistan Marathon тарихындағы рекордтық көрсеткіш.
Қатысушылар саны бойынша шетелдік елдердің алғашқы үштігіне Өзбекстан (121), Қырғызстан (107) және Ресей (61) кірді. Марафонға Азия мен Тынық мұхиты аймағынан, Еуропадан, Солтүстік және Латын Америкасынан, Африка мен Таяу Шығыстан қатысушылар келді.
Мерейтойлық Turkistan Marathon бағдарламасына бес қашықтық енді: марафон (42,2 км), жартылай марафон (21,1 км), 10 км жүгіру, 10 км скандинавиялық жүріс және 10–14 жас аралығындағы қатысушыларға арналған 3 км балалар жарысы.
Сурет: Алматы марафон
Барлық қашықтықтың сөресі мен мәресі Karavan Saray кешенінің маңында орналасты. Бағыт Бекзат Саттарханов даңғылының бойымен әуежайға қарай өтіп, кері қайтты. Жүгіру трассасы World Athletics стандарттарына сәйкес сертификатталған, ал іс-шара Халықаралық марафондар мен жүгіру жарыстары қауымдастығының (AIMS) күнтізбесіне енгізілген.
Сурет: Алматы марафон
Марафондық қашықтықтағы әйелдер арасындағы абсолютті есепте Өзбекстан өкілі Екатерина Тунгускова 2:44:55 нәтижесімен жеңіске жетті. Екінші орынды 2:46:01 уақыт көрсеткен ресейлік Евгения Индина иеленді. Үшінші болып оның отандасы Елена Толстых мәреге жетіп, нәтижесі 2:46:16 болды.
42,2 км қашықтықтағы ерлер арасында Өзбекстан өкілі Шохрух Давлатов 2:14:31 нәтижесімен жеңімпаз атанды. Ол 2025 жылы отандасы Андрей Петров орнатқан трасса рекордын жаңартып, бұрынғы нәтижені 2 минут 27 секундқа жақсартты. Екінші орынды 2:15:51 нәтижесін көрсеткен Қытай өкілі Куван Анубайке иеленді. Ал Талдықорған қаласының өкілі, қазақстандық Есенбол Жанабек 2:17:30 уақытпен үшінші орынға тұрақтады.
21,1 км қашықтықтағы әйелдер арасындағы абсолютті есепте Өзбекстан өкілі Маржона Ахмадалиева 1:13:52 нәтижесімен топ жарды. Екінші орынды 1:15:45 уақыт көрсеткен Қырғызстан өкілі Мария Коробицкая иеленді. Үшінші болып Садафбону Нусратиллоёва мәреге жетіп, 1:16:53 нәтижесін көрсетті.
Сурет: Алматы марафон
Жартылай марафонның ерлер арасындағы абсолютті есебінде Қырғызстан өкілі Нурсултан Кенешбеков 1:05:57 нәтижесімен жеңіске жетті. Екінші орынды 1:06:24 уақыт көрсеткен Өзбекстан өкілі Хасан Мирсоатов иеленді. Ал Талдықорған қаласының өкілі, қазақстандық Данияр Орманғали 1:06:27 нәтижесімен үздік үштікті түйіндеді.
10 км қашықтықтағы әйелдер арасындағы 18+ санатында Талдықорған қаласының өкілі Акбаян Нурмамет 34:39 нәтижесімен жеңімпаз атанды. Екінші орынды 35:59 уақыт көрсеткен Шымкент қаласының өкілі Ақбілек Құралбай иеленді. Алматы қаласының өкілі Дарья Миллер 36:12 нәтижесімен үшінші орынға тұрақтады.
Осы қашықтықтағы ерлер арасында Өзбекстан өкілі Жобир Каххоров 30:14 нәтижесімен бірінші болып мәреге жетті. Екінші орынды 30:17 уақыт көрсеткен Қытай өкілі Маэрдан Акеламухан иеленді. Ал Өзбекстан өкілі Тимур Насимов 31:03 нәтижесімен үшінші орын алды.
Сурет: Алматы марафон
Turkistan Marathon туризмнің дамуына және жергілікті экономиканың өркендеуіне ықпал етеді. Марафонға қатысушылармен бірге Түркістанға олардың туыстары мен достары да келіп, қонақүйлерге, мейрамханаларға, дәмханаларға және көлік қызметтеріне деген сұраныстың артуына әсер етеді.
2025 жылы өткен Turkistan Marathon қорытындысы бойынша іс-шараның жалпы экономикалық әсері 2 млрд теңгеге жуық деп бағаланды. Қатысушылардың тұруға, көлікке және тамақтануға жұмсаған қаражаты 616 млн теңгеден асса, салықтық және әлеуметтік аударымдардың көлемі 261 млн теңгеге жуықтады.
"Осы бес жыл ішінде Түркістанда жүгіру мәдениетінің біртіндеп қалыптасып келе жатқанына куә болдық: жүгіру клубтары ашылып, жүгірушілер саны артып, жаттығулар мен жүгіру жарыстары ұйымдастырылып келеді. Шетелдік қатысушылар үшін марафон Түркістанды жақынырақ танып, оның тарихы мен мәдениетін білуге де мүмкіндік береді", – деп атап өтті "Бірінші болу – батылдық" корпоративтік қорының Қамқоршылық кеңесінің төрағасы Ғалымжан Есенов.
2025 жылдан бастап Turkistan Marathon түркітілдес елдердің марафондарын біріктіретін Turkic Alliance of Long Runs (TAN) халықаралық жүгіру сериясына кіреді. Серия аясындағы бес жарысты аяқтаған қатысушылар арнайы TAN медалімен марапатталады.
Сурет: Алматы марафон
Іс-шара Түркістан облысы әкімдігінің қолдауымен өтті.
Серіктестік ақпарат