Қазақстан Ұлыбританияға әскери техника сатпаған – ҚР ИИДМ
Желіде Ұлыбритания Украинаға жеткізу үшін Қазақстаннан қару сатып алуда деген ақпарат тарады. Мәміле «Техноэкспорт» компаниясының делдалдық танытуы бойынша жүзеге асырылған, келісімшарт 2022 жылдың 16 шілдесінде 46 миллион долларға жасалған-мыс.
Сурет: әлеуметтік желіден алынды
Stopfake-нің хабарлауынша, ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі бұл ақпаратқа қатысты түсініктеме беріп, аталған министрліктің экспорттық бақылау саласындағы уәкілетті орган болып табылатынын ескертті.
«Экспорттық бақылау туралы» Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес қару-жарақ, оқ-дәрі мен әскери техниканың экспорты мен импорты Министрлік беретін лицензиялар негізінде жүзеге асырылады. 2021 жылы және 2022 жылдың өткен кезеңінде «Техноэкспорт» компаниясы қару-жарақ, оқ-дәрі және әскери техника экспорттауға лицензия алу үшін министрлікке жүгінбеген.
Сонымен қатар аталған кезеңде министрлік қару-жарақ, оқ-дәрі мен әскери техника, атап айтқанда, 122 мм снарядтар (Д-20 гаубицалары үшін), 152 мм снарядтар (Д-30 гаубицалары үшін), БМ-21 «Град», БТР-4 (БТР-82А немесе жеңілдетілген модификациялар) және 120 мм миномет пен «Конкурс» ТҚЗК үшін оқ-дәріні Ұлыбританияға экспорттауға лицензия берілмеген.
Бұл ретте қару-жарақ пен оқ-дәрі экспорты импорттаушы елдің Қазақстан Республикасының Экспорттық бақылау саласындағы уәкілетті органының рұқсатынсыз осы қару-жарақ пен оқ-дәріні қайта экспорттамайтындығы туралы міндетті норма көзделген кепілдік міндеттемесі (соңғы пайдаланушының сертификаты немесе Халықаралық импорт сертификаты) болған кезде ғана жүзеге асырылады. Жоғарыда аталған қару-жарақ пен оқ-дәріні реэкспорттауға министрлік рұқсат бермеген, делінеді құзырлы ведомства хабарламасында.