Алматы облысында Ұлттық ұлан сарбаздары аударылған көліктегі жүргізушіні құтқарды
2 қыркүйекте сағат 23:00 шамасында Ұлттық ұланның 6654 әскери бөлімінің бақылау-өткізу пунктіне қарама-қарсы трассада Mercedes-Benz автокөлігін басқарған азамат темір тұлпарына ие бола алмай, жол жиегіндегі бағанаға соғылған. Салдарынан мыжылған көлік жолдан шығып, аударылып қалады.
Сол сәтте жол-көлік оқиғасын байқаған бақылау пунктінің кезекшісі Дмитрий Бакбасаров 103 нөміріне қоңырау шалып, жедел жәрдем шақырады. Одан кейін тез арада сол оқиға орнына қарай көмек көрсетуге жүгіреді.
Сурет: ҚР Ұлттық ұланның баспасөз қызметі
Бірінші кезекте мен жүргізушінің жағдайы қалай екенін білдім, сұрағыма жауап бере алатын халде екен. Алайда темір тұлпардың шатыры мен қозғалтқышы арасына қысылып қалғандықтан, қиын жағдайда болды. Автокөліктің бензобагынан бензин ағып жатқанын байқаған соң, оны дереу көліктен шығару туралы шешім қабылдадым. Себебі өрт шығу ықтималдығы басым еді, – деді кіші сержант Дмитрий Бакбасаров
Сурет: ҚР Ұлттық ұланның баспасөз қызметі
Ұландық жауынгер жедел жәрдемнің келуін күтпей, сол маңдағы куәгерлермен бірге жүргізушіні көліктен шығарады.
Осы уақытта оқиға орнына әскери бөлімнің медицина қызметінің бастығы Әбір Ермек те келіп жетеді.
Сурет: ҚР Ұлттық ұланның баспасөз қызметі
Әскери дәрігер зардап шеккен адамға алғашқы медициналық көмек көрсетеді. Ұлттық ұлан әскери қызметшілерінің жедел әрекеттерінің арқасында зардап шеккен адамға алғашқы медициналық көмек көрсетіліп, ол дер кезінде ақ халаттыларға тапсырылды.