Жаңалықтар тізбегі
0

«Қара аққулар дәуіріндегі коммуникация»: Алматыда PR мамандар жиналды

PR форум, сурет - Zakon.kz жаңалық 27.05.2022 16:46 Сурет: Халықаралық PR форум
Алматыда «Қара аққулар дәуіріндегі коммуникация» тақырыбында халықаралық PR форум өтті. Мегаполисте жыл сайын болатын халықаралық PR форумға Қазақстан және шетелдік коммуникация саласының кәсіпқой мамандары жиналды, деп хабарлайды Zakon.kz тілшісі.

Олар бүгінгі алмағайып замандағы PR және коммуникация саласындағы маңызды әрекеттерді және оның ерекшелігін талқылады.

«Қара аққу» – болжау қиын және елеулі салдары бар сирек оқиғаларды қарастыратын теория. Бұл теория туралы жазушы әрі статистик Насим Николас Талеб өзінің теориямен аттас кітабында жазған еді. Содан бері осы термин аумалы-төкпелі, болжауға болмайтын кезеңдерді сипаттайтын ұғым ретінде қолданылады.

Халықаралық PR форумның бұл тақырыпты алып отырғаны да бекер емес. Екі жылға созылған пандемия, Қаңтар оқиғасы, Украинадағы соғыс, санкцияларды қатайту және экономикаға соққылар – мұның бәрі коммуникация мен PR cаласына айтарлықтай әсер етіп жатыр.

Алқалы жиынның мақсаты да сол – кәсіпқойларды бір алаңға жинап, бүгінгі ерекшеліктерді талқыға салу және шешімін табуға көмектесу.

Тұрақсыздық, болжамсыздық, алдын ала жоспарлай алмау. Форумда тілге тиек етілген алғашқы тақырыптың бірі де осы болды. Шара спикерлері бүгінгі аумалы-төкпелі замандағы коммуникация жайын талқылап, өз тәжірибелерінен ой бөлісті.

Дәл қазіргі тұрақсыз заманда PR және коммуникация қалай дамуы керек?

«Қара аққу» кезеңі алдын ала болжауға болмайтын, тіпті қазіргі сәтте не болатынын білмейсіз. Бүгінде маймыл шешегі туралы жаңалықтарды естіп жатырмыз. Бұның салдары қандай болатыны беймәлім. «Неге дайын болу керек?» деген сұрақ туады. Тіпті дайын болу мүмкін емес. Ең болмағанда әр маман, әр адам нендей оқиға болса да, қабылдауға іштей дайын жүргені жөн шығар. Жағдайға тез бейімделуді үйреніп, сосын жеке дамуға көңіл бөлген дұрыс деп ойлаймын. Бір автордың «Молшылық бай мен кедей арасын теңестірмейді» деген ойы есіме түсіп отыр. Расымен көл-көсірлік, молшылық бізді дағдарыстан шығармайды, – деп ой бөлісті тәуелсіз сарапшы Расул Рысмамбетов.

Халықаралық PR форумға мәжіліс депутаты Ерлан Смайлов та қатысып, модератордың «Парламент проблемаларды айтуға дайын ба?» деген сұрағына жауап берді.

Парламент өзгеріп жатқанын көріп келемін. Біраз сұрақ, мәселе талқыланып жатыр. Бұрын тек сырттай көрсем, қазір ішінен білемін. Бәлкім белгілі бір мәселелер тыс қалып жатқандай көрінетін шығар. Бірақ мәжіліс отырысынан бөлек те жиналыстар, талқылаулар болады. Депутаттар өте белсенді, олар өңірлерге барып кездесулер өткізеді. Қорыта келе, бүгінгі маңызды әрі өзекті мәселелер парламентте талқыланып жатыр. Тіпті зейнет жасын созу мәселесі де ашық айтылып жүр. Оның ішінде өңірлер де тыс қалып жатқан жоқ. Бұл ретте депутаттар қоғаммен байланысып, өзіне тән коммуникацияны жасап жатыр. Мәжіліс депутаты Ерлан Смайлов

Ал баспагер Қарлығаш Еженова бүгінгі болып жатқан жағдайлар тұсында әр ұйымдағы коммуникацияға жауапты мамандарға ерекше көңіл бөліп, бағалау керек деп есептейді. Себебі дәл осы мамандардың шешіміне қарай әр компанияның позициясы айқындалады.

Тіпті қуанта қоймайтын триггері болса да, біз бен сіздің уақыт келді. Бүгін болып жатқан жағдайлардың салдарынан материалдық проблемалар емес, этика, коммуникация, эмоция сияқты ұғымдар алдыңғы орынға шықты. Себебі алмағайып кезеңдерде эмоциямен шешім қабылдаған тұстарымыз болды. Компанияңыздағы коммуникацияға жауапты адамдарды, мамандарды бағалаңыз, көңіл бөліңіз. Себебі бүгінде компанияның репутациясы, позициясы, қоғам алдындағы орны сол PR мамандарына, олардың көңіл-күйіне байланысты болып отыр.Қарлығаш Еженова

Форумда компаниялар Украинадағы жағдайға қатысты позициясын қалай көрсете алады деген сұрақ та талқыланды. Оған тәуелсіз кеңесшілер ұстанымды заң аясында ғана көрсетуге кеңес берді.

Сонымен қатар сарапшылар мен түрлі компания өкілдері пандемия кезінде қалай әрекет еткендерін айтып, тәжірибесін бөлісті. Оның ішінде біздің қоғам цифровизацияға тезірек үйреніп кеткенін, біраз қызметті онлайн алуға болатынын талқылады. Қатысушылар бүгінде ауқымды жобаны жоспарлау дұрыс әдіс емес екенін, себебі өмір ертең-ақ өзгеріп сала беретінін айтты.

Жаңалықтан zakon.kz сайтында хабардар болыңыз:
Бөлісу
Если вы видите данное сообщение, значит возникли проблемы с работой системы комментариев. Возможно у вас отключен JavaScript
Жаңалықтар трендінде болыңыз!
Хабарландыруларды қосыңыз және алдымен расталған жаңалықтарды алыңыз.

Браузерде хабарландыруларды кез келген уақытта өшіруге болады

Біздің хабарландыруға жазылыңыз!
Хабарландыру қосу үшін қоңырау белгісін басыңыз
Беттегі қате туралы хабарлаңыз
Мәтіндегі қате: