Астанада әскерге шақырылғандарды салтанатты түрде шығарып салу рәсімі өтті
Оған Астана қаласы әкімінің орынбасары Есет Байкен, Қарулы күштердің ардагерлері, гарнизон әскери бөлімдерінің мерзімді қызметтегі сарбаздары, әскери колледждің ұландары, "Жас сарбаз" балалар-жасөспірімдер әскери-патриоттық қозғалысының тәрбиеленушілері – барлығы бір жарым мыңға жуық адам қатысты, деп хабарлайды ҚР Қорғаныс министрлігінің баспасөз қызметі.
Сурет: ҚР Қорғаныс министрлігінің баспасөз қызметі
Сурет: ҚР Қорғаныс министрлігінің баспасөз қызметі
Қорғаныс министрінің орынбасары генерал-лейтенант Сұлтан Камалетдинов әскери-патриоттық акцияға қатысушыларға арнап сөз сөйлеп, Отан қорғаушы миссиясының маңызды екенін атап өтті. Сондай-ақ ол жастарға осы абыройлы міндеттің артықшылықтарын да атап өтті.
"Қарулы Күштер, басқа да әскерлер мен әскери құралымдар қатарында әскери қызмет ету жастарға көп мүмкіндіктер береді. Бір жыл ішінде сарбаз әскери маман атанады. Содан кейін ол келісімшарт бойынша қызметін жалғастырып, әскери колледжге түсіп, сержанттан Қарулы күштердің бас сержантына дейінгі лауазымдарда қызмет атқара алады. Сендер жоғары әскери оқу орнының курсанты болып, лейтенанттан генералға дейін мансаптық жолмен өсулеріңе де болады", – деді министрдің орынбасары.
Әскерге шақырылғандарды Астана қаласы әкімінің орынбасары Есет Байкен, "Қарулы күштер ардагерлері" РҚБ төрағасының орынбасары отставкадағы генерал-майор Марат Нағұманов та құттықтады.
Сурет: ҚР Қорғаныс министрлігінің баспасөз қызметі
Шара барысында "Аманат" рәсімі өтті. Запасқа шығарылған әскери қызметшілер әскерге шақырылғандарға абыроймен қызмет етуді, антқа адал болуды аманат етті. Мұндай рәсім бүкіл Отан қорғаушы ұрпақтарының бірлігі мен сабақтастығын білдіреді.
Сурет: ҚР Қорғаныс министрлігінің баспасөз қызметі
Акцияға қатысушыларға елордалық десанттық-шабуылдау бригадасы әскери қызметшілерінің қойылымдары, сондай-ақ әскери техника, қару-жарақ және киім нысандарының көрмесі ұйымдастырылды.
Жастар Қарулы күштер Ұлттық әскери-патриоттық орталығы Орталық ансамблінің әншілері орындаған әскери-патриоттық әндерді ерекше ықыласпен тыңдады.
Сурет: ҚР Қорғаныс министрлігінің баспасөз қызметі