Алматыда қаза тапқан өрт сөндірушінің отбасына 13 млн теңге өтемақы төленеді
Бұл туралы Алматы қаласы ТЖД баспасөз қызметі "Құқық қорғау қызметі туралы" Заңға және қаза тапқан қызметкердің мұрагерлері туралы тармаққа сілтеме жасай отырып хабарлайды.
Сонымен қатар, жерлеу рәсімінің шығыны - 600 мың теңге көлемінде қосымша өтемақы төленетін болады. Жерлеу рәсіміне арналған барлық шығынды Алматы қаласының Төтенше жағдайлар департаменті өз мойнына алды.
Төтенше жағдайлар министрлігі ҚР Президенті Әкімшілігіне қызмет бабында қаза тапқан өрт сөндіруші А.Ж. Құрманбековты мемлекеттік наградамен марапаттау туралы ұсыныс енгізді.
"Сонымен қатар, Алматы қаласы әкімдігінің атына әлеуметтік көмек тәртібінде А. Ж. Құрманбековтың анасына пәтер бөлу мүмкіндігін қарастыру туралы өтініш жолданды. Өзге де қосымша көмек мәселелері пысықталу үстінде". Алматы қаласы ТЖД баспасөз қызметі
Ертең, 11 мамырда Алматы қаласының ТЖД аталған факті бойынша арнайы брифингі өткізеді.
Айта кетсек, Медеуға жақын тау баурайындағы өрт 7 мамырда сағат 23:52-де басталды. Арслан Құрманбеков екі сағаттан кейін қаза тапты. Оған өртенген ағаш құлаған. Тағы бір құтқарушы қолын жарақаттады.
Өртке адами факторы себеп екені айтылды.