Атырауда XII Азаматтық форум өтті
Сурет: Атырау облысы әкімдігінің баспасөз қызметі
Форумның мақсаты – азаматтық қоғамды дамыту, әріптестік пен ынтымақтастықтың жаңа тетіктерін қалыптастыру және заманауи цифрлық мүмкіндіктерді кеңінен қолдану.
Алғашқы күні қатысушылар цифрлық платформалар, фандрайзинг, жасанды интеллект және киберқауіпсіздік бағыттарында семинар-тренингтерге қатысты. Сонымен қатар әлеуметтік жоба жазу бағытында фасилитаторлық сессия өтіп, қатысушылар өз жобаларын әзірлеп, ұсынды. Мәдениет, білім, денсаулық сақтау және экология салалары бойынша 4 үздік бастама іріктеліп, әрқайсысы 250 мың теңге көлемінде қаржылай қолдауға ие болды.

Сурет: Атырау облысы әкімдігінің баспасөз қызметі
Екінші күні форум үкіметтік емес ұйымдардың әлеуметтік жобаларының көрмесімен басталды. Пленарлық отырыста азаматтық қоғамды қолдау, әлеуметтік кәсіпкерлікті дамыту және ҮЕҰ рөлі талқыланды. Форум жұмысына облыс әкімі Серік Шәпкенов, ҚР Мәдениет және ақпарат вице-министрі Айзада Құрманова, Республикалық Азаматтық Альянстың басшысы Бану Нұрғазиева, "Қазақстан халқына" қоғамдық қорының басқарма төрайымы Лаззат Шыңғысбаева қатысты. Сонымен қатар республикалық және жергілікті ҮЕҰ өкілдері өз тәжірибелерімен бөлісті.

Сурет: Атырау облысы әкімдігінің баспасөз қызметі

Сурет: Атырау облысы әкімдігінің баспасөз қызметі
Іс-шара аясында аймақ басшысы екі облыстық конкурстың жеңімпаздарын марапаттады. "Qolday" конкурсында үздік деп танылған 6 ҮЕҰ 2 млн теңге грант иеленсе, волонтерлерге арналған "DEMEÝ" байқауы аясында 6 жобаға 1 млн теңгеден сыйақы берілді. Сондай-ақ 8 белсенді ҮЕҰ-ға ҚР Азаматтық Альянсының Алғыс хаттары табысталды.

Сурет: Атырау облысы әкімдігінің баспасөз қызметі
Форум соңында облыс әкімі азаматтық қоғам өкілдеріне өңірдің дамуына қосқан үлестері үшін ризашылығын білдіріп, серіктестікті нығайта түсуге шақырды.