Astana Half Marathon 2026 шетелдік қатысушылар саны бойынша рекорд орнатты
Сурет: Алматы марафон
Биыл жарыс жолына әлемнің 30-дан астам елінен келген 243 шетелдік жүгіруші шықты. Шетелдік қатысушылардың басым бөлігі Ресейден – 91 адам, Өзбекстаннан – 28 және АҚШ-тан – 17 адам болды. Сонымен қатар, Қытайдан – 15, Қырғызстаннан – 14, Франциядан – 11, Оңтүстік Кореядан – 6, Ұлыбританиядан – 6, Польшадан – 5 және Германиядан – 5 қатысушы келді. Жарыс географиясы Азия, Еуропа, Солтүстік және Оңтүстік Америка, Африка, Таяу Шығыс және Мұхит аралы елдерін қамтыды.
Шетелдік қатысушылар арасында жарыстың танымал болуына әсер еткен негізгі факторлардың бірі – қаланың басты көрікті жерлері арқылы өтетін бағыт. Жарыс жолы Тәуелсіздік алаңынан басталып, "Арқар" және "Сығанақ – Мәңгілік Ел" көпірлері арқылы өтіп, Ақорда, Есіл өзенінің жағалауы, "Бәйтерек" монументі, Abu Dhabi Plaza кешені және EXPO аумағын қамтиды. Мұндай бағыт қала қонақтарына спорттық іс-шараға қатысып қана қоймай, Астананың заманауи сәулетімен және көрнекті нысандарымен танысуға мүмкіндік береді.
Жыл сайын Astana Half Marathon әлемнің түкпір-түкпірінен келетін қатысушылар санын арттырып келеді. Бұл жарыстың халықаралық мәртебесінің өсіп келе жатқанын және Астананың әлемдік жүгіру картасындағы орнын нығайтып жатқанын көрсетеді. Мұндай қызығушылықтың басты себептерінің бірі – ұйымдастыру деңгейінің жоғары болуы. Astana Half Marathon халықаралық марафондар мен жүгіру жарыстары қауымдастығының (AIMS) мүшесі болып табылады, ал оның трассалары World Athletics стандарттарына сәйкес сертификатталған. Бұл қашықтықтың дәлдігін және нәтижелердің әділдігін қамтамасыз етеді. Сондықтан көптеген тәжірибелі жүгірушілер Астанадағы жарысты жеке рекордтарын жаңартуға мүмкіндік беретін жарыс ретінде таңдайды.
"Қалада өткен жарыс сол қаланың есте қалуына ықпал етеді. Astana Half Marathon Астана үшін өзін тек әкімшілік астана ретінде ғана емес, сонымен қатар заманауи, белсенді әрі ашық қала ретінде мыңдаған қатысушылар мен қонақтарға таныстырудың мүмкіндігі", – деді "Бірінші болу – батылдық" корпоративтік қоры Қамқоршылық кеңесінің төрағасы Ғалымжан Есенов.
Спорттық бағдарламамен қатар ұйымдастырушылар экологиялық бастамаларды да дамытуды жалғастырды. "Таза Қазақстан" жалпыұлттық акциясы аясында бағыт бойында және сөре-мәре қалашығында қалдықтарды бөлек жинау орындары мен қатысушылар мен қонақтарға арналған интерактивті белсенділіктері бар экологиялық аймақтар жұмыс істеді. EcoNetwork серіктестігі аясында жиналған қайталама шикізат қайта өңдеуге жіберіледі.
Astana Half Marathon жарысының басты экологиялық жаңалықтарының бірі – PET 1 таңбасы бар, 100% қайта өңделетін пластиктен жасалған бір реттік стақандар болды. Олар барлық тамақтану пункттерінде пайдаланылып, жарыс аяқталғаннан кейін эковолонтерлер тарапынан жиналып, қайта өңдеуге жіберілді. Ұйымдастырушылардың мәліметінше, мұндай тәжірибе Қазақстандағы бұқаралық жүгіру жарыстарында алғаш рет енгізіліп отыр.
Қордың экологиялық жұмысы жүйелі түрде жүргізілуде. Мәселен, 19 сәуірде өткен Almaty Half Marathon барысында рекордтық көлемде – 786,45 кг қайталама шикізат жиналды. Қайта өңдеуге 652,75 кг қағаз бен картон, 117 кг пластик, 5,6 кг алюминий және 11,1 кг үлдір тапсырылды. Осылайша шамамен 800 кг қалдық полигонға жіберілмей, қайта өңдеу айналымына қайтарылды.
Айта кетейік, 2026 жылдың 28-ші қыркүйегінде өтетін мерейтойлық 15-ші Almaty Marathon жарысына тіркелу жалғасуда. Орталық Азиядағы ең ірі марафонның арнайы қонағы ретінде атақты жапондық жүгіруші, Бостон марафонының жеңімпазы Юки Каваучи қатысады.
Astana Half Marathon Астана қаласы әкімдігінің қолдауымен өтті.
Astana Half Marathon жарысының бас серіктесі – Halyk Bank.


