Ербол Қарашөкеев сел қаупі бар учаскелерді тексерді
Сурет: Жамбыл облысы әкімінің баспасөз қызметі
Өңір басшысына Меркі ауданының әкімі Ербол Жиенқұлов пен ҚР ТЖМ "Қазселденқорғау" ММ Жамбыл аумақтық пайдалану басқармасы филиалының басшысы Сұлтан Ақбердиев өзен арналарының қазіргі жағдайы мен атқарылып жатқан жұмыстар туралы баяндады.
Облыс әкімі соңғы күндері таулы аймақтарда жауын-шашын мөлшерінің артуына байланысты сел жүруі мен су тасқыны қаупі күшейгенін атап өтті.
"Көктемгі су тасқыны кезеңі аяқталғанымен, қазіргі гидрометеорологиялық жағдай босаңсуға мүмкіндік бермейді. Барлық жауапты мемлекеттік органдар мен қызметтердің іс-қимылы нақты үйлестіріліп, қажетті техника мен күш-құралдар толық дайындықта болуы тиіс. Халықтың қауіпсіздігі – басты міндет. Сондықтан алдын алу шаралары бір сәтке де тоқтамауы қажет", – деді Ербол Қарашөкеев.
Өңір басшысы жауапты мекемелерге таулы аймақтардағы өзендердің су деңгейіне тұрақты мониторинг жүргізуді, қауіпті учаскелерді тәулік бойы бақылауда ұстап, жағдай өзгерген жағдайда жедел әрекет етуді тапсырды. Сондай-ақ елді мекендерге қауіп төндіруі мүмкін өзен арналары мен су өткізу құрылыстарының жай-күйіне ерекше назар аударуды, өзен арналарын тазалау, су өткізу қабілетін арттыру және табиғи кедергілерді жою жұмыстарын күшейтуді міндеттеді.
Жамбыл облысында сел қаупі бар 18 өзен бар. Қауіпті ерте анықтау және жағдайды тұрақты бақылау мақсатында өңірдегі 8 гидробекетте тәулігіне үш рет мониторинг жүргізіледі.
Табиғи сипаттағы төтенше жағдайлардың алдын алу және оларға жедел әрекет ету үшін 2 жедел топ пен 1 апаттық-механикаландырылған бригада құрылған.
Алдын алу шаралары аясында сел қаупі бар өзендердің бойына "Сақ болыңыз! Сел қауіпті аймақ" деген жазуы бар 14 ескерту қалқаншасы орнатылды. Сонымен қатар облыстағы сел қаупі жоғары өзендерде 56 жерүсті зерттеу жұмысы жүргізілді.
Қазіргі таңда облыс әкімінің тапсырмасына сәйкес облыстың барлық ауданында сел жүруі мен су тасқыны қаупінің алдын алу бойынша сенбіліктер белсенді атқарылуда.



