30-дан астам оқушы робототехникадан халықаралық чемпионатқа барады

Бұл оқушылардың дүниежүзіндегі 200 беделді университетінің бірінде оқу үшін грант пен шәкіртақы алуға мүмкіндігі бар. Жарысқа Қазақстанның түкпір-түкпірінен 700-ден астам оқушы қатысқан.
Биылғы қатысушылар «Жүк тасымалы» тақырыбы бойынша тапсырма орындады. Олар ойлап тапқан шағын жүк тасымалдайтын, тауарларды сұрыптайтын және кедергілерді айналып өтетін роботтарын таныстырды.
Чемпионаттың қорытындысы бойынша төрт команда АҚШ-қа жолдама жеңіп алды. Оған қоса Алматы, Семей және Түркістан облысынан 4 оқушы білім грантын иеленді. Сонымен қатар чемпионатқа қатысқан 10 команда Мәскеу қаласындағы FIRST жарысына, ал Красноярск қаласына 6 команда аттанады.
Чемпионатқа еліміздің шағын ауылдары мен қалаларынан келген мектеп оқушыларын атап өткім келеді. Бұған дейін Түркістан, Қызылорда және Шығыс Қазақстан облыстарында, Ақмола облысының Атбасар қаласында мектеп оқушылары мен мұғалімдеріне робототехникадан тренингтер мен жарыстар өткізіп, балалар мен оқытушылардың қызығушылығын көрдік.Қазақстандағы робототехника бойынша халықаралық FIRST жарысының ұйымдастырушысы Нұрдәулет Досмағамбет
Сонымен қатар оқушылардан бөлек тағы алты мұғалім «Best Mentor Award» номинациясы бойынша FIRST марапаттарына ие болды.
Айта кетейік, FIRST ҚР Білім және ғылым министрлігі оқушылар мен мұғалімдердің қатысуы үшін ұсынған олимпиадалар тізіміне енгізілген.