Ата-аналар министрлікке жеке балабақшалардың жұмысына қатысты талап қойды
Ата-аналар балабақшалардың қызметін ешкім реттемейтінін айтып, шара қолдануды талап етіп жатыр. Ал оқу-ағарту министрлігінің хабарлауынша, білім беру саласындағы сапаны қамтамасыз ету жөніндегі аумақтық басқармаларға балабақшадағы бүлдіршіндердің түрлі жарақаты туралы ақпарат күн сайын түседі екен. Мысалы:
Қостанайда балабақша тәрбиешісі үш жасар бүлдіршінді қатты тартқан. Салдарынан баланың сүйегі сынып кеткен. Тәрбиеші жұмыстан босатылды, ал балабақша директоры әкімшілік жауапкершілікке тартылды.
Орал қаласындағы жекеменшік балабақшада да тәрбиеші кішкентай қызды соққыға жыққан. Ата-аналардан Оралдағы тағы бір жекеменшік балабақшаның тәрбиешісіне қатысты шағым түсті. Балалар ата-аналарына тәрбиешінің ұрғанын айтып шағымданған. Тәрбиеленушілердің айтуынша, оларды бірнеше ай бойы ұрып-соғып келген. Балалар тәрбиешісінен қорыққанынан осы уақытқа дейін ата-аналарына ештеңе айтпаған. Балабақша қызметкеріне қатысты қылмыстық іс қозғалды.
Қызылордада жекеменшік балабақшада бүлдіршіндерді қараусыз қалдыру фактілері тіркелді. Далаға өз бетімен шығып кеткен балаларды қаланың тұрғындары тауып алған. Дәл осындай жағдай елордалық балабақшада да болған. Тәрбиешілер тәртіптік жауапкершілікке тартылды.
Министрлік бүгінде мұндай мәселені шешу үшін лицензия беруді енгізуді қолға алып отыр. Бұл тәсіл балалардың балабақшадағы қауіпсіздігін жақсартады дейді министрлік өкілдері.
Құқық бұзушылықтардың санын азайту және балабақшалардың жұмысын ретке келтіру үшін біз лицензия беруді енгізуді қолға алып отырмыз. Бұл балалардың балабақшадағы қауіпсіздігін жақсартады. Егер балабақша талапқа сай болса, онда қысқа уақытта цифрлы лицензия алады. Ал егер сай болмаса, кемшіліктерді жоюға уақыт беріледі. Лицензия беру талабы қарапайым. Одан қорқудың қажеті жоқ. Жұмыс істеп тұрған балабақшалардың басым бөлігі лицензияны оңай ала алады. Біз балаларды сапалы мектепке дейінгі тәрбие мен оқытумен қамтамасыз етуге мүдделіміз, – деді Оқу-ағарту министрлігі Білім және ғылым саласындағы сапаны қамтамасыз ету комитетінің төрағасы Гүлзат Көбенова.