Диплом жұмысқа орналасу кезінде неге артықшылық болмай отыр
ҚР парламенті мәжілісінде өткен үкімет сағатында Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Тамара Дүйсенова еңбек нарығындағы өзгерістер туралы айтты.
"Бүгінде дипломның болуы біліктілік деңгейін растамайтынын мойындау керек. Сондықтан жұмысқа орналасу кезінде жұмыс берушілердің көбі жұмыс тәжірибесіне қойылатын талаптарды алға тартады. Бұл жастарға жұмысқа орналасуда кедергі болып отыр. Осыған байланысты ұлттық біліктілік жүйесін әзірлеу арқылы білім беру жүйесін жұмыс берушілердің талаптарымен байланыстыратын кәсіби біліктілік туралы заң әзірленді".Тамара Дүйсенова
Оның айтуынша, Қазақстанда біліктілік пен дағдыларды сертификаттау және бағалау жүйесі енгізіледі.
Тәжірибеде қажет білім мен жұмыс дағдылары мен біліктіліктері бағаланғаннан кейін сертификаттар беріледі. Сертификат тек ресми емес, бейресми (білім беру ұйымдары жүйесінен тыс, онлайн курстар және т.б.) білімі барларға да беріледі.
"Осылайша заңның қабылдануымен жұмысқа орналасу кезінде дипломнан бұрын, қызметкердің біліктілігі мен біліктілігін растайтын сертификат артықшылық болмақ".Тамара Дүйсенова
Сонымен қатар ол жұмыс берушілерді өз қызметкерлерін оқытуға ынталандыру мақсатында жергілікті қамтуды анықтау кезінде қазақстандық қызметкерлердің санын ғана емес, сонымен қатар аттестациядан өткен қызметкерлердің үлесін де қосу ұсынылып отырғанын айтты.