Бурабайда лагерьдегі баланың өліміне қатысты Оқу-ағарту министрлігі түсінік берді
Бұл туралы ҚР Оқу-ағарту министрлігіне сілтеме жасап, ҚазАқпарат хабарлайды.
"Балалардың құқықтарын қорғау комитеті төрағасының орынбасары Жолдас Батырхан лагерьге барды. Балалардың құқықтарын қорғау комитеті, білім басқармасы, құқық қорғау органдарының өкілдерінен тұратын арнайы комиссия құрылды. Қазіргі таңда құқық қорғау органдары тергеу шараларын жүргізіп жатыр. Сараптама баланың қатерлі ісікпен ауырғанын көрсетті, оның салдары ішкі қан кетуді тудырған. Құрылған комиссия жұмысын жалғастырып жатыр", - делінген министрлік ұсынған мәліметте.
Сондай-ақ Оқу-ағарту министрлігі отбасына барлық қажетті көмек көрсетілетінін, "Балдәурен" сауықтыру орталығының және Балалардың құқықтарын қорғау комитетінің ұжымы баланың туғандары мен жақынына қайғыра көңіл айтатынын жеткізді.
Айта кетсек, Ақмола облыстық ПД баспасөз қызметі мәлім еткендей, баланың қазасы туралы бүгін, 11 қаңтарда, сағат 06:36-да Бурабай аудандық полиция бөліміне жедел жәрдем станциясының фельдшері хабарлаған. Жасөспірім 9 қаңтарда Ақтөбе облысынан Бурабай ауданына балалар тобының құрамында келген. Қаңтардың 10-ынан 11-іне қараған түні жасөспірім іші ауырып тұрғанын айтқан. Таңертең сағат 05:00 шамасында ауырсынудың күшеюіне байланысты кешеннің медициналық бөліміне жүгініп, жедел жәрдем шақырылған. Алайда жедел жәрдем келгенге дейін бала көз жұмған.