1,5 миллион теңгеге дейінгі жалақы: Алматы әкімдігі жастарға үндеу жасады
Алматы қаласы Жастар саясаты басқармасы жастардың жұмыс іздеуіне арналған "Jobfair365" бірыңғай платформасын іске қосты. Сервис жұмысқа орналастыруды, тегін білім беру курстарын және жастарға арналған ақпараттық порталды ұсынады.
"Бағдарлама үш аспектіні қамтиды - жастарға өз мамандығы бойынша жұмыс табуға көмектесетін жұмысқа орналастыру қызметі, білім беру бағдарламаларына қол жеткізуді қамтамасыз ететін тегін курстар қызметі және қаламыздың жастарына арналған ақпараттық портал", - делінген әкімдік хабарламасында.
Сонымен қатар сайтта оқу біткесін сертификат беретін қазақ және орыс тіліндегі қысқа мерзімді курстар бар. Курстың бағытына байланысты сабақ 20-дан 30-ға адамға дейінгі топқа өткізіледі. Пайдаланушылар аптасына 3 рет 2-3 сағат оқиды, онда оқытудың теориялық бөлігі 1 айдан 1,5 айға дейін созылады.
Қысқа мерзімді курстардың тізімін анықтау үшін еңбек нарығындағы сұранысқа талдау жүргізілді. Талдау жастарды табысты жұмысқа орналастыру үшін қажетті өзекті әрі сұранысқа ие мамандықтарды анықтауға мүмкіндік берді. Осылайша, курстар ақпараттық технология, цифрлық маркетинг, қаржы, бухгалтерлік есеп, жобаны басқару, кәсіпкерлік, дизайн, сату менеджері, SMM менеджері, мобилограф, графикалық дизайнер, таргетолог, туроператор, гид, курьер, хаускипер және т.б. салаларды қамтиды.
Қазір порталда 3,7 мың бос жұмыс орны бар, 20 өңірден 1,5 мың жұмыс беруші тіркелген. Бүгінде 10,2 мың адам оқытылып, оның 9,2 мыңы жұмысқа орналастырылды. Айта кету керек, бұл платформада оңтүстік астана жастары 30 мыңнан 1,5 миллион теңгеге дейінгі жалақымен жұмыс таба алады.
Қызмет тізімін https://jasalmaty.kz/ сайтынан көруге болады.