Қазақстанда жалпы ішкі өнімнің нақты өсуі жеделдеді
Ұлттық статистика бюросының жедел деректері бойынша жалпы ішкі өнімнің (ЖІӨ) нақты өсуі ағымдағы жылғы қаңтар-мамырдағы 3,2%-пен салыстырғанда жеделдеуді көрсетіп, 3,3%-ті құрады. Динамиканың жақсаруы тауарлар өндірісінде де (3,5%-тен 3,6%-ке дейін), сондай-ақ қызмет көрсету секторында да (3,1%-тен 3,3%-ке дейін) байқалады.
"Өткен жылмен салыстырғанда экономиканың өсу қарқынының баяулауы экономиканың едәуір секторларының дамуына, оның ішінде сауда, көлік, логистика және т.б. шектеуші әсер еткен 10 өңірдегі су тасқыны салдарының әсерімен, сондай-ақ мұнай өндірудің 1,6%-ке қысқаруымен байланысты",- делінген ақпаратта.
Сондай-ақ, ЖІӨ құрылымында экономика өсуінің басты факторларының бірі өнеркәсіптік өндіріс болып табылады, оның көлемі 2,8%-ке ұлғайды.
"Бесінші ай қатарынан іскерлік белсенділік индексінің өсуі байқалуда, ол маусым айының қорытындысы бойынша 51,4-ті құрады. Ағымдағы жылы инфляциялық процестердің баяулауының тұрақты үрдісі байқалуда. Ағымдағы жылғы маусымда жылдық инфляция өткен жылдың маусымымен салыстырғанда 8,4%-ке дейін төмендеді (а.ж. қаңтарда 9,5%). Азық-түлік тауарларына бағаның өсуі 5,4%-ке, азық-түлік емес тауарларға 7,4%-ке дейін баяулады. Ақылы қызметтер бағасының өсуі 13,8%-ті құрады". ҚР Ұлттық экономика министрлігі
Бұл ретте ағымдағы жылғы маусымда инфляция деңгейі өткен айға қарағанда 0,4%-ке дейін баяулады, бұл 2021 жылдан бері ең төменгі көрсеткіш болып табылады.
Сондай-ақ министрліктің ақпаратынша, жыл басынан бері жалпы халықаралық резервтер 5,4 млрд долларға өсті және ағымдағы жылдың 1 шілдесіне 101,3 млрд АҚШ долларынан асты.
Оның ішінде Ұлттық қордың валюталық активтері 1,4 млрд доллларға, 61,4 млрд долларға дейін, ал Ұлттық Банктің алтын-валюта резервтері 4 млрд долларға, 39,9 млрд АҚШ долларына дейін өсті.