Түркістан ғалымдары өсірген қызғалдақ гүлдеді
Түркістан қаласындағы Қожа Ахмет Ясауи атындағы халықаралық қазақ-түрік университетінің ботаника бағында қызғалдақтың 15 түрі өсіріліп жатыр. Түркістандық ғалымдар осы бастама арқылы қызғалдақты жан-жақты зерттеп, сұрыптарын жерсіндіруді жоспарлап отыр.
Түркістандық ғалымдар үш жылдан бері осы жоба аясында түрлі зерттеу жұмыстарын жүргізіп келеді. Алдағы уақытта жоба аясында жылыжайда селекциялық мақсатта қолдану үшін қызғалдақтың жабайы түрлері мен эксклюзивті сорттарының бастапқы материалдар топтамасы жасалады.
Қызғалдақтар өсірілетін жылыжай ауыл шаруашылығы ғылымдарының докторы, профессор Амангелді Апушев жетекшілік ететін "Қазақстанда қызғалдақтың бастапқы материалдар коллекциясын жасау, эксклюзивті түрлері мен сорттарын көбейту мен өсірудің инновациялық технологиясын әзірлеп қолданысқа енгізу" жобасы бойынша салынған.