Президент жемқорлық үшін жауапқа тартылғандардың заңсыз тапқан табысы қайда жұмсалып жатқанын айтты
Президент баяндамасында "сыбайлас жемқорлық үшін жауапқа тартылғандардың заңсыз тапқан табысы мектеп салуға жұмсалып жатқанын,. қазірдің өзінде 13 мектеп салынғанын" тап өтті. Оның сөзінше, жыл соңына дейін тағы да 33 мектеп бой көтереді.
"Мектептегі орын тапшылығын жою – өте маңызды міндет" деген президент алда оқушылардың жалпы саны екі есе көбеюі мүмкін екенін айтты.
"Адам капиталы – ең басты байлық. Халқымыздың саны 20 миллионға жуықтап қалды. Елімізде жыл сайын 400 мыңнан астам бала дүниеге келеді. Демек, мектепке баратын бүлдіршіндер саны артады. Оқушылардың да жалпы саны екі есе көбейеді деп жоспарланып отыр".Қасым-Жомарт Тоқаеа
Президент алдағы үш жылда 1 миллионнан астам жеткіншек студент атанатынын алға тартты.
"Бұл – әрине, қуантарлық жайт. Алайда демографияның өсу қарқыны білім беру жүйесіне үлкен салмақ түсіреді. Қазірдің өзінде мектеп тапшылығы ең өзекті мәселенің бірі болып отыр", – деді мемлекет басшысы.
Тәуелсіздік жылдарында елімізде 2300-ге жуық мектеп салынды. Соның нәтижесінде төрт ауысыммен оқытудан арылдық. Дегенмен "үш ауысыммен" оқу жүйесі әлі күнге дейін бар. Көптеген мектептің техникалық жабдығы ескірген.
"Осы мәселенің бәрін жоспарлы түрде шешуіміз қажет. Менің бастамаммен елімізде "Жайлы мектеп" жобасы жүзеге асырылып жатыр. Екі жылдың ішінде барлық аймақта, соның ішінде ауылдық жерлерде жүздеген білім ордасы салынады. Соның арқасында үш ауысыммен оқытудан біржола құтыламыз".Қасым-Жомарт Тоқаев
Қасым-Жомарт Тоқаев кәсіпкерлерге қайырымдылық ретінде мектеп салып беру жөнінде міндет жүктегенін атап өтті.
"Жақында ғана мен еліміздің кәсіпкерлерімен кездесу барысында қайырымдылық ретінде облыстарда, қалаларда мектеп салу керектігі туралы мәселені қозғадым. Бұл – азаматтық жауапкершілік деген сөз. Сондықтан біздің кәсіпкерлеріміз осы жұмысқа белсенді түрде кіріседі деп ойлаймын", – деп түйіндеді сөзін президент.
Тоқаев ұстаздарды кәсіби мерекесімен құттықтады.