Тоқаев жасанды интеллект жөнінде: Біздің міндетіміз – жаңа жағдайға алдын ала дайындалу
Мемлекет басшысы "автоматтандыру мен жасанды интеллектінің одан әрі дамуы жаһандағы еңбек нарығын түбегейлі өзгертетіні қазірдің өзінде белгілі" екенін атап өтті. Goldman Sachs келешекте жүздеген мамандық пен үш миллионға жуық жұмыс орны жойылуы ықтимал деп болжам жасап отыр.
"Алайда әрбір технологиялық революция кезінде адамзат баласы осыған ұқсас дүрбелеңдерді бастан кешкені тарихтан мәлім. Біздің міндетіміз – жаңа жағдайға алдын ала дайындалу", – деді президент.
Оның пікірінше, жасанды интеллектіні қолданысқа енгізу адамдарға арналған жұмыс орындарының жаппай жойылуына алып келмейді, керісінше, адам еңбегі трансформацияға ұшырап, мүлдем жаңа кәсіби дағдыларға сұраныс пайда болады.
"Сондықтан қызметкерлерді жаңа дағдыларға мектептен бастап баулу қажет. Осыған орай, ең алдымен, цифрлық сауаттылық пен информатиканы оқыту сапасын арттырған жөн. Ол үшін білікті ұстаз тапшылығын шешу қажет".Қасым-Жомарт Тоқаев
Президент "Astana Hub" халықаралық технопаркінде білім беру платформасы табысты жұмыс істеп жатқанын, сол арқылы жоғары оқу орнының студенттері бағдарлама жасауды үйренгенін атап өтті.
"Үкімет барлық мәселені пысықтап, мектеп оқушылары үшін осындай онлайн платформаны пилоттық режимде іске қосады деп ойлаймын. Университеттерде пәндерді оқытудың мазмұны мен әдісін айтарлықтай жаңарту қажет. Болашақ мұғалімдер, дәрігерлер, агрономдар, заңгерлер және салалық мамандар жасанды интеллект бойынша базалық білімді міндетті түрде меңгеруі керек. Мен жуырдағы Жолдауымда кемінде үш белгілі жоғары оқу орны жасанды интеллект бағытына қажетті кадр даярлаумен және зерттеулер жүргізумен айналысуы керек деген міндет жүктедім".Қасым-Жомарт Тоқаев
Ол Назарбаев Университеті жанындағы Ақылды жүйелер және жасанды интеллект институтын толыққанды ғылыми-зерттеу институтына айналдыру тағы бір маңызды қадам болатынын баса айтты.
"Ол үздік мамандар мен сарапшылардың орталығына айналып, біртұтас экожүйе қалыптастыруы керек. Институт құрамына IT индустриясының әлемдік және отандық көшбасшыларымен тығыз байланыста жұмыс істейтін ғылыми-зерттеу және тәжірибелік-конструкторлық жұмыстар орталығы кіреді", – деді ол.
Осы ретте мемлекет басшысы Институт әзірлемелерін коммерцияландыру және кеңейту маңызды екенін атап өтті.