ҰБТ басталғалы 77,5%-ға жуық талапкер шекті балды жинады
ҰБТ басталғалы шекті балды 77,5%-ға жуық талапкер жинады. Орташа балға келсек, ол 69 балға тең. Ең жоғары балл – 137. Жалпы, 72 талапкер 130-дан жоғары балл жинады.
Тестке қатысушылардың басым бөлігі "Биология-Химия" комбинацияларын таңдаған, атап айтқанда, 18%-ы тапсырды. "Математика-Физика" пәндерін 17% таңдаған. Сондай-ақ, топ-3 қатарына талапкерлердің 12% таңдаған "Математика-Информатика" комбинациясы кірді. Ең аз таңдалған комбинация – "Химия-Физика", оны 149 адам тапсырған.
2024 жылғы қаңтар ҰБТ-сының қорытындысы бойынша талапкерлер "Оқу сауаттылығы" пәнін жоғары деңгейде тапсырды. Орташа есеппен, сұрақтардың 78%-ына дұрыс жауап берілген. Ал "Физиканы" тапсырған талапкерлердің тек 33% тапсырманы дұрыс орындаған, олар үшін "Салыстырмалылық теориясының элементтері" тақырыбы қиын болды. Осылайша, ҰБТ нәтижелері бойынша Ұлттық тестілеу орталығы тек сандар емес, сонымен қатар тақырыптар бойынша егжей-тегжейлі талдауды да ұсынады.
ҚР Ғылым және жоғары білім министрі С. Нұрбек: "Білім-ғылымға құштар барша талапкерлерді ҰБТ-ның аяқталуымен шын жүректен құттықтаймын! Қалаған мамандықтарыңыздың иесі болуға тілектестігімді білдіремін. Сұлтанмахмұт Торайғыров айтқандай, қазақтың көгінде күн болып, ұлтқа аянбай қызмет ете беріңіздер!",-деді.
Ерекше білім беру қажеттіліктері бар оқуға түсушілер үшін қолайлы жағдай жасаудың нәтижесінде қаңтар ҰБТ-сына 321 талапкер қатысқанын айта кеткен жөн.
ҰБТ өткізу барысында 157 ереже бұзушылық анықталған. Оның ішінде 107 талапкер смартфон, шпаргалка және басқа да тыйым салынған заттарды алып өту әрекеті салдарынан тест тапсыру мүмкіндігінен айырылды. Тестілеу кезінде ережелерді бұзғаны үшін аудиториядан 50 адам шығарылып, олардың нәтижелері жойылды. Бөгде тұлғалар анықталған жоқ. Талапкерлер тестілеу аяқталғаннан кейін 30 минут ішінде апелляцияға бере алды. Сертификат апелляция туралы шешім қабылданғаннан кейін тестіленушінің жеке кабинетінде қолжетімді болады.
Айта кетсек, 2024 жылғы ҰБТ аяқталғаннан кейін күнтізбелік жылдың 31 қазанына дейін тестілеудің бейнежазбаларына талдау жүргізіледі. Тыйым салынған заттарды пайдалану немесе ережелерді бұзу фактілері анықталған жағдайда түсушінің ҰБТ нәтижелері жойылады.